Қара теңіздің Түркияға жақын тұсынан 58 миллиард текше метр табиғи газ қоры табылды. Бұл жаңалықты ел Президенті Режеп Тайып Ердоған жариялады. Теңіз табанынан 3 мың метр тереңдікте табылған газ қорынан құрлыққа қарай құбыр тарту үшін қазір 50 арнайы кеме кен орнында жұмыс істеп жатыр. «Чайжума-2» деген атау берілген осы кеніштің маңайынан екі жыл бұрын 652 млрд текше метр газ табылған болатын. Осылайша Түркияның Қара теңіздегі газ көлемі 710 млрд текше метрге жетті. Ердоған отандық табиғи газды тұрғындар келесі жылы қолдана бастайтынын айтты. Бұған дейін жылына 45 млрд текше метр көгілдір отынды Ресей, Иран, Әзірбайжан елдерінен 12 млрд долларға сатып алып келген Түркия енді өзі газ экспорттаушы елге айналмақ.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:
Бүгінге дейінгі газ қорымыз бен жаңадан табылған 58 млрд текше метр газды қосып әлемдік нарықтағы бағамен есептесек, құны 1 триллион долларлық табиғи газымыз бар. 2023 жылы біз үшін өте маңызды. Экономикалық тұрғыдан елімізге бұдан да үлкен табыс әкелуге тырысамыз. Себебі Жерорта теңізінде де бірнеше жерде бұрғылау-іздеу жұмыстары жүріп жатыр. Ол жақтан да кен орындары табылады деп сенеміз.
Айдос Әшімұлы