Шетелде тіркелген оң жақ рөлді автокөліктерді Қазақстанда заңдастыруға рұқсат беріледі. Бұл туралы Сенат отырысында Ішкі істер министрлігіне қарасты әкімшілік полиция комитетінің басшылығы мәлімдеді. Бұл - біржолғы ғана мүмкіндік. 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктерге ғана қатысты. Бүгінде 20 мыңға жуық осындай көлік бар. Жалпы, ел аумағында заңдастыруға жататын автокөліктер саны 300 мыңнан асады. Сондай-ақ Сенат отырысында Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру бойынша заң жобасы қаралды. 40-қа жуық заң мен 20 нормаға өзгеріс енгізілмек.
Қайсар Сұлтанбаев, ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
Заң жобасына таяуда ғана ұсыныс енгіздік. Оң жақ басқару тетігі бар автокөліктер біржолғы заңдастыруға енгізілетін болады. Бүгінде Қазақстанда мұндай 20 мыңға жуық көлік бар. Бұл ұсыныс енгізіліп, комитетте қолдау тапты. Бұл мәселе шешілді.
Асима Нұрбайқызы