Ресейдің Астрахань облысында ұлттық аспабымыз домбыраны ұрпаққа насихаттап жүрген шебер, ағаш ұстасы тұрады. Мұратқали Меңдіғалиев қос жанарынан айрылса да, қарағайды иіп, ағаштан аспап жасауды доғарған емес. Меншікті тілшіміз Жандос Темірғали қолөнер иесімен кездесті.
Атажұрттан келгенімізді естіген шебер әуелі домбыраға тіл бітірді. Елге деген сағынышын тебірене отырып, Құрманғазының Алатау күйімен жеткізді. 72 жастағы Мұратқали ата қара домбыраны бала кезден жанына серік еткен. Негізгі мамандағы жер бұрғылаушы. Домбыра жасауға тек 2000 мыңыншы жылдан ден қойған. Керек құралдың бәрін өзі істеген.
Мұратқали Меңдіғалиев, шебер:
Ағашты ию үшін мынандай жасадым. Мұның бәрін ойдан жасадым. Бекіту үшін мынандай темір жасадым. Қалпы болады кигізе қоятын. Болды. Содан шығарып кеуіп болғасын жинаймыз жәймен.
Шебер 20 жылдан бері 300-ден астам домбыра жасап шығарды. Көбінесе қарағайды пайдаланды. Ол қоңыр үн береді дейді. Туындысы бүкіл Ресейді шарлады. Францияға да жөнелтілген. Музыка мамандарымен бірігіп, төл аспаптың балаларға арналған түрін де ойлап тапты. Сөйтіп, өнер факультетінде оқитын балғындарды сапалы аспаппен қамтамассыз етті. Оны арнайы іздеп келетіндер көп. Солардың бірі – Әлихан.
Әлихан Бейсенбаев, домбырашы:
Домбырасы өте иә ұнайды. Дыбысы өте жақсы шығады. Кәдімгідей қазақтың иісі шығады.
Қария 5 жыл бұрын сырқаттанып, қос жанары көрмей қалады. Бірақ, домбырадан алыстамады. Әлі күнге құрал сайманы қолынан түскен емес. Ұлттық өнерді насихаттау – оның өмірлік мақсатына айналған. Балаларына да сол қасиетті сіңіріп жүр.
Злиха Меңдіғалиева, жары:
Руфат баламыз сразу өзі келді де бір күні, ата мен үйренгім келеді, домбыра тартқым келеді деп. Сол екі-үш күннің ішінде бастады. Сосын әрі қарай өзі алып кетті. Оқуға апардық әрі қарай.
Мұратқали Меңдіғалиев, шебер:
Домбыра дегеннің атын естігенде менің көкірегімде басқа қозғалыс болып кеткен сияқты болып тұрады. Өзімнің сезімім. Домбыра ешқашан өшпесе екен деген тілекпен, жігермен, кейінгілерге қалдырсам екен деген ойым бар.
Жандос Темірғали