Келесі жылы коммуналдық тарифтер өседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Келесі жылы коммуналдық тарифтер өседі

26.12.2022

Коммуналдық тарифтердің құны 20-30 процентке дейін көтерілуі мүмкін. Мұндай өзгеріс келесі жылдың екінші жартысында жүзеге асады деп жоспарланған. Барлық өңірлерде инженерлік желілердің әбден тозуы Үкіметті осындай қадамға баруға мәжбүрлеп отыр.

Желілердің жағдайына қарай әр аймақ бойынша тариф те әртүрлі бағада көтеріледі. Ол үшін ең алдымен желілер мен нысандардың жағдайы жан-жақты зерделенеді. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров осылай деп мәлімдеді. Өйткені республика бойынша инженерлік желілер мүлде ескірген. Олардың тозу көрсеткіші 80 процентке дейін жеткен аймақтар бар.

Енді коммуникациялық желілер тарифті өсірудің есебінен жаңартылмақ. Алдағы жеті жылға арналған бағдарлама қарастырылып жатыр. Аталған мерзім ішінде баға біртіндеп өседі.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Келесі жылда, шамамен екінші жартыжылдықтан бастап тариф жағынан өзгерістер болады. Себебі жеке меншік субъектілерге, содан кейін мемлекеттік меншікте болатын субъектілерге желілерді модернизациялау керек. Өздеріңізге мәлім, Президент өзінің сайлауалды бағдарламасында нақты міндет қойды, желілердің тозуын, кемінде 15 процентке төмендету керек. Біз желілердің тозу көрсеткішін, шамамен 15-20 процентке төмендетеміз. Тариф көтеріледі, басқа жол жоқ.

Әсима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу