Нарықтың сұранысына қарай қажетті мамандықты игеру – заман талабы. Бұл Көкшетаудағы көлік шығаратын зауытта жұмыс істейтін қарапайым жұмысшының ұстанымы.
Ризабек Әбдін – техника құрастырады. Әріптестерімен бір желіде күніне 3 трактор жинап шығарады. Ал кәсіпорынның жылдық қуаты - 1700 көлік. Ризабек құрастырған техникалар бүгінде шаруалардың игілігіне жарап тұр.
Ризабек Әбдін, зауыт қызметкері:
Бөлшек ретінде келеді бөлек-бөлек сайман ретінде соларды құрастырамыз. Осы конвейер арқылы жүреді. 5-інші постта жұмыс атқарамын. Онда біз кабина саламыз және электроника арқылы қызмет жасаймын онда. Және де тормоз, ручниктардың регулировкаларын жасаймыз.
Тәжірибелі маманның Көкшетаудағы ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын зауытта істеп жатқанына биыл төртінші жыл. Еңбекке араласу үшін кәсіпорын атынан колледжде арнайы оқу курсынан өтті. Зауытта трактордан өзге де ауыл шаруашылығы техникалары шығарылады. Сондықтан тәжірибелі жұмысшылар қашан да сұранысқа ие.
Тоқтар Сағиев, зауыт қызметкері:
Ризабек - жауапкершілігі мол қызметкер. Трактор жасау барысында көптеген іс-шаралар орындалады. Соның кез-келген сатысында өзінің қол шеберлігін байқатуда. Ризабек көптеген жағдайларда жас мамандарға өзінің тәжірибесін көрсетіп, үйретеді.
Зауытта жас кадрлар баршылық. Бірақ, отандық өнеркәсіптің дамуына өз үлесін қосатын білікті жұмысшылар қажет-ақ. Сондықтан, маман тапшылығын шешу үшін кадрларды дайындау кезек күттірмейтін мәселе, - дейді өндіріс басшылары.
Олег Балыбин, кәсіпорын директоры:
Қазіргі уақытта кәсіпорында 270-280 адам жұмыс істейді. Ал 2-ші және 3-ші цехтарды іске қосқанда тағы жаңа 200 жұмыс орны ашылады. Демек бізге мамандар керек. Кейбір бағыттар бойынша қызметкерлер табу оңай емес. Сондықтан өндірісте тәжірибелі мамандардың, тәлімгерлердің іліміне сүйенеміз.
Өндіріс орнындағы қарапайым жұмысшылар 200-280 мың теңге аралығында жалақы алады. Екі баланың әкесі Ризабек отбасын асыру үшін талмай еңбек ету қажет, - деп санайды. Сондықтан Ризабек Әбдін сияқты еңбек адамдары қашан да құрметке ие.
Ермек Елберген