Алматыда «Тағзым» мемориалы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Тағзым» мемориалы ашылды

24.12.2022

Алматыда Қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалы ашылды. Бұл - еліміздің кешегісі мен бүгінін толық қамтыған жоба. Халық өткенін ешқашан ұмытпайды. Өскелең буын қаңтар қасіретінен сабақ алуы тиіс. Осылай деген зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары «Тағзым» халықтың рухын көтеріп, жас ұрпақты жігерлендіретін орынға айналарына сенімді.

«Тағзым» мемориалының ашылғанын естіген жұрт бүгінде таңертеңнен бері кешенге ағылуда. Ескерткішке қарап бейбіт өмірдің қадірін ұғынамыз. Тыныштықтың бағасын білеміз. Енді мұндай жағдай қайталанбаса екен, дейді тұрғындар.

Белгілі қаламгерлер мен қоғам белсенділері ынтымақсыз ырыс, бірліксіз береке болмайтынын сын сағатта жете түсінгенін айтады. Сол себепті Республика алаңына қойылған тас тұғыр шейіт болған азаматтардың рухына тағзым етіп, Тәуелсіздікті бағалайтын орынға айналуы тиіс деген пікірде.

Нұрлан Оразалин, ақын, Мемлекет және қоғам қайраткері:

Халық ретінде, мемлекет ретінде сақтаудың қаншама қадірлі, қасиетті екенін сезіндіретін кезең болды. Ұрпаққа біз міне, тарихтың бір жаңа бетін, бұрылып тұрып, бұлай қайталауға болмайтынын еске салатын белгі орнықты.

Борис Жапаров, қоғам белсендісі:

Басынан аяғына дейін жақсы бір ойға, философияға, концепцияға негізделген мемориал. Бастапқыда анау сұр тастардан басталады. Одан кейін мына қара тастардан қайғылы күндер, онан кейін тауға қарай жүрген кезіңізде аппақ мәрмар тастардан қойылған биік стеллалар. Бұл еліміздің жарқын болашағын ашып тұрғандай әсер етеді адамға.

Қайғылы қаңтар оқиғасы тарих қойнауына кетті. Десе де ол ұрпақтың жадында мәңгі сақталады. Жаппай тәртіпсіздік кезінде 238 адам қаза тауып, ел аумағы бойынша бизнеске 95 млрд теңгеден аса шығын келді. Ұсталғандардың арасынан мыңнан аса адамға рақымшылық жасалды.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу