Премьер-министр Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Премьер-министр Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барды

23.12.2022

Бүгін Премьер-министр Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барды. Үкімет басшысы бірқатар стратегиялық маңызы бар нысандарды аралап, қаладағы жылу электр орталығының жай-күйін көрді. Сондай-ақ, аймақ үшін ғана емес еліміздегі ірі индустриялық жоба шыны зауытында болып, өндіріс орнының жұмысымен танысты.

Шыны зауыты толық іске қосылды

Биыл елімізде 160-қа жуық өндіріс орны іске қосылса, соның бірі Сыр өңіріндегі шыны зауыты. Алғашқы өнім қазан айында шықты. Қазір кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеп тұр. Жылына 200 мың тоннаға жуық өнім шығаруға қауқарлы.

Әділбек Серікұлы, тілші:
Зауыттың негізгі жүрегі балқыту пеші. Шыны 1600 градуста құйылып, дайын өнім мына ұзын жолақпен қоймаға дейін келеді. Жұмыстың барлығы дерлік автоматтандырылған. Іске қосылғанына екі ай болған кәсіпорында бүгінде 20 мың тонна әйнек өндірілді.

Мұндағы 400-ге жуық жұмысшының жартысынан көбі - жергілікті тұрғындар. Болашақта шыны табақшаларынан бөлек, бөтелке, автокөлік әйнегі секілді өнімдер де шығару жоспарланып отыр. Әлихан Смайылов зауыттың жұмысымен танысып, инвестормен тілдесті.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Өте керекті зауыт. Жалпы құрылыс өндірісі қарқынды өсіп келе жатыр. Сондықтан осындай шыны өте керек бізге. Ол біріншіден ішкі нарықты толтыруға, импорттан тәуелділікті азайтуға, сомен бірге экспортқа шығаруға да мүмкіндік береді. Біз Үкімет тарапынан, әкімшілік тарапынан барлық керекті қолдауды көрсетеміз.

Жаңа жылу электр орталығы салынады

Үкімет басшысы қаладағы жылу электр орталығына да барды. 60 жыл бұрын салынған стратегиялық нысан бүгінде әбден тозып тұр. Сондықтан, Тәуелсіз Қазақстанның тарихында ең бірінші заманауи жылу электр орталығы Қызылордада салынбақ. Оның құрылысына Түркия елінің белді компаниясы инвестор ретінде қаржы құюға әзір.

Алған Сарачоглу, инвестор:
Бұл Қызылорда үшін ең пайдалы жоба болайын деп тұр. Себебі, 100 пайыз керекті электр күшін толықтай қамтиды және одан бөлек басқа облыстарға таратуға да мүмкіндік береді. Біздің компанияның бұл салада тәжірибесі мол. Ең алдымен Түркияда, одан кейін Гана, Мали, Мадагаскар, Өзбекстан мемлекеттерінде жылу орталықтарын салған болатынбыз.

Әлихан Смайылов маңызды жобаны қолдап, жаңа жылу электр орталығын сапалы әрі құрылысын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Өйткені, бұл қазіргі таңда еліміздің барлық қаласындағы ең күрмеуі көп мәселе.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Мұндай жоба өте керек. Қазір Үкімет тарапынан да тиісті тарифтерді қайта қарап, инвестиялық жобаларды іске асырсақ деген жоспарларымыз бар. Мұндай инвесторларды біз әрқашанда қолдаймыз. Және осы электр станция неғұрлым тез іске қосылса, соғұрлым жақсы болады деп ойлаймын.

Арал мәселесі - Үкімет назарында

Сондай-ақ, Премьер-Министр Қызылорда су торабына барды. Апатты күйге түскен гидронысанға бүгінде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Соңғы жылдары су тапшылығына байланысты Сырдария өзені мен Арал теңізіне қатысты мәселе ұдайы Үкімет назарында екенін жеткізді. Жалпы сапар аясында Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы өкілдерімен де кездесіп, кәсіпкерлердің ұсынысын тыңдады. Өңірде айтылған әрбір талап-тілек ескеріліп, тиісті шешімдер қабылданады деді, Әлихан Смайылов.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу