Жетісу облысында қызылша егетін шаруаларға субсидия берілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында қызылша егетін шаруаларға субсидия берілмек

22.12.2022

Биыл еліміздің үш аймағының шаруалары 280 мың тоннадан астам қант қызылшасын өсіріп, қант зауыттарына жөнелтті. Оның ішінде Жетісу облысының үлесі басым. Президент өңірге барған сапарында қызылша алқаптарын көбейтіп, облыстағы қос зауыттың толыққанды жұмыс істеуін жіті тапсырған болатын.

Облыс екіге бөлінгеннен кейін Жетісу өңіріндегі қант қызылшасы алқабы биыл 4200 гектардан сәл ғана асты. Шаруалар алдыңғы жылдардағы қуаңшылықтардан кейін де көп тәуекелге бара қойған жоқ. Десе де 182 мың тонна тәтті түбірді Көксу қант зауытына жеткізді. 500-ге жуық жұмысшысы бар кәсіпорын қазір тоқтаусыз өнім өндіруге кіріскен. Мұндағы қондырғылардың біраз бөлігі жаңартылып, автоматтандырылды.

Назгүл Сәменова, жұмысшы:
Басқаруы оңай. Жақсы жұмыс істейді. Тез меңгердік оны. Ыңғайлы бізге.

Кәсіпорын биылғы өнім үшін шаруалармен толық есептесіп қойды. Бұған дейін қант өндіріліп, нарыққа шыққанша біраз күтуге тура келетін. Мұнан бөлек шалғай аудандардан келетін қант қызылшасының жол шығыны да ескеріле бастады.

Алтынбек Абатов, Қант зауытының директоры:
Шаруа қожалықтарынан биыл 15 мың теңгеден тоннасына алдық. Және жақын жердегі жақын аудандарға бір теңге тасымалдауға қоссақ, Сарқан, Ақсу аудандарына бес теңгеден тасымалдауға, бес мың теңге тоннасы. Сонда олармен 20 мың теңгеден тоннасына есептестік.

Ал келер жылдан бастап, қант қызылшасының бағасы тоннасына 40 мың теңгеге жетпек. Мұнан бөлек дәл осы дақылмен айналысатын шаруалар техника алса мемлекет тарапынан шығынының бір бөлігін өтеу мәселесі қарастырылып отыр.

Әлібек Жақанбаев, Жетісу облысы әкімінің орынбасары:
Министрлікте бұл мәселе қаралып жатыр. Қант қызылшасымен айналысатын шаруаларға техниканың 50 пайызға дейін жеңілдігі болады. Бұл жерде негізінен комбайн, сепкіш, батвоуборочный, жапырақтарды шабатын үш техникаға 50 пайызға дейін жеңілдетілген субсидия береміз.

Сондай-ақ келер жылы қант қызылшасының алқабын 8100 гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін шаруалар күзде сүдігер жыртып, су шаруашылықтары, арық-каналдарды тазалауға кірісті.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Енді 20 күнде зауыт биылғы өнімді толығымен өндіріп бітеді. Бұл шамамен 20 мың тонна қант. Ал одан кейін, қондырғыларды түгел жаңартып, тазалап болғаннан кейін зауыт қант құрағын өндіруге кіріседі.

Осылайша кәсіпорын жыл 12 ай тоқтаусыз шекер өндірісін қамтамасыз ететін болады. Бұл өз кезегінде нарықтағы маусымдық қант тапшылығын азайтуы тиіс.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:


Хабарламаларға жазылу