Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып келеді

21.12.2022

Қызылорда облысының биыл әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды. Мәселен, жыл басынан бері аймақта 12 білім, 6 медициналық нысан салынып, ел игілігіне берілді. Ал демеушілер есебінен балалар жылына орай 80 спорттық-сауықтыру алаңы тарту етілді.

Облысқа тартылған инвестиция көлемі биыл 350 миллиард теңгеге жетті. Оның жетпіс пайызы бюджеттен тыс қаржы көздері. Ең бірінші кезекте, әлеуметтік нысандардың құрылысына басымдық беріліп, білім, медицина және мәдени-спорттық барлығы 17 ғимарат бой көтерді. Әсіресе, аймақтағы 4 апатты мектептің орнына жаңасы салынды.

Нұрымбет Сақтағанов, Облыс әкімінің орынбасары:

Өңірде оқушылар санының өсу динамикасы мен апатты мектептерге талдау жүргізіліп, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы үш жылда 15 100 орынға арналған 21 мектептің құрылысын салу жоспарланып отыр. Нәтижесінде 2025 жылы өңірде үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі шешімін табады.

Денсаулық сақтау саласын жақсарту бағытында да игі бастамалар жүзеге асырылып келеді. Былтырдан бері шалғайдағы елді-мекендерде 9 заманауи амбулаториялық бекет салынып, ел игілігін көрді. Сондай-ақ, ауыл медицинасына жаңадан 20 жедел-жәрдем көлігі берілді. Ал Қазалы ауданының орталығында бір мезетте 250 адамға арналған көпсалалы емхана ашылды. Бұл биыл атқарылған жұмыстың бір парасы ғана. Жалпы өңірде денсаулық сақтау саласын дамытуға кешенді жоспар құрылған.

Нұрымбет Сақтағанов, Облыс әкімінің орынбасары:

Келесі жылы Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 адам қабылдайтын емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухана құрылысы басталады (36,4 млрд.теңге). Қызылорда қаласында 200 төсектік перинаталдық орталықтың жаңа ғимаратын салуды бастауды жоспарлап отырмыз, осы мақсатқа 3,9 га жер бөлініп, жобалау алдындағы жұмыстар жүргізілуде. Алдағы жылда 27 дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункттер салып, ауылдық жерлердегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектілерінің проблемасын жабамыз.

Спорт та назардан тыс қалған емес. 11 елді мекенде салынып жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің бірқатары пайдалануға берілді. Футбол жанкүйерлері үшін басты жаңалық, келер жылы облыс орталығында демеушілер есебінен әлемдік стандартқа сай жаңа стадионның құрылысы басталмақ.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу