Елордада жаңа емхана ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада жаңа емхана ашылды

21.12.2022

Бүгін Елордада «Үйдегі дәрігер» жобасы бойынша жаңа емхана келушілерге есігін ашты. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекеме заманауи жабдықтармен қамтылған. Білікті медицина мамандарынан құралған еңбек ұжымы бір күнде бес жүзге жуық адамды қабылдауға мүмкіндігі бар.

Астанадағы оң жағалаудың тұрғыны Ғайнижамал Марқаева бұған дейін үйінен алыс жердегі медициналық мекемеде ем алған. Зейнеткер көп уақытым жолмен өтетін кездер артта қалды дейді. Бүгін үй маңынан жаңадан ашылған емханаға келіп тіркеуден өтті. Ем шараларына жиі баратын ол, жаңа емхананың ашылғанына дән риза.

Ғайнижамал Марқаева, қала тұрғыны:

Бұл жер емделуге өте тиімді. Жақын, қай уақытта келсеңіз де олай бұлай деп науқастарды шеттетпейді. Құшақ жая қарсы алады. Мен де емделушілердің бірімін. Өзіме ұнайды. Ұнағандықтан кейін балаларымның барлығын осыған тіркегенмін.

Бұл елордада ашылған «Жанұя» емханасының бесінші бөлімі. Халық тығыз орналасқан аудандардан ашылған медициналық мекемелерде 35 мыңнан астам адам ем алады. Ал, жұмысын жаңадан бастаған бұл орталыққа екі жарым мыңнан астам адам тіркеліп үлгерді.

Замира Борлықбаева, «Жанұя» емханасының медициналық директоры:

Бұл ғимаратта 50-ден астам қызмет көрсетеді. Еліміз үшін профильдік мамандар жұмыс істейді. Біздің емханамыз қазіргі заманға сай барлық жабдықтармен жабдықталған. Оңалту бөлімі де бар.

Емханада күндізгі стационар жұмыс істейді. Тұз шахтасы мен лоркомбайн сынды заманға сай жабдықтар ковидтен айыққандарды оңалтуға көмектеседі. Мамандар мұнда тұрғындар үшін қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсетуге барлық мүмкіндік бар дейді.

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу