АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамп қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс. Ол былтыр 6 қаңтарында жақтастарын Капитолийге шабуыл жасауға итермеледі. Осындай айып таққан Конгресс депутаттары бүгін соңғы қоғамдық тыңдауын өткізіп, федералды прокурорлардан бұрынғы президентті жазға тартуды сұрады. Жаппай тәртіпсіздікті тергеген Өкілдер палатасының арнайы комитеті Трампқа қатысты қылмыстық іс қозғау бойынша ұсынысын Әділет министрлігіне жолдады.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Конгрестің Өкілдер палатасының комитеті 2021 жылы дәл осы жерде болған жаппай тәртіпсіздікті он сегіз ай бойы тергеген. Қазір Дональд Трампты үш қылмыстық іс бойынша жауапкершілікке тарту мәселесін талқылап жатыр. Нақты айтқанда, Конгрестiң ресми iс жүргiзуiне кедергi келтiрді, Америка жұртын алдау үшін астыртын әрекет етті және көтеріліс ұйымдастырды деген айып тағылмақ. Басқаша айтқанда, экс президент билікті бейбіт жолмен бермеуге тырысып, сайлау қорытындысын рәсімдеу жүріп жатқан тұста Капитолийді басып алу үшін жақтастарын айдап салды және сайлау туралы жалған ақпарат таратты деп айыпталуда.
Джейми Раскин, конгресс депутаты:
Комитет президент Трамптың Конституцияға сай биліктің бейбіт жолмен ауысуына қасақана кедергі жасағанын көрсететін жеткілікті дәлелдер жинады. Конституциялық тәртіпке қарсы болысудан артық сатқындық болмайды.
Элайн Лурия конгресс депутаты:
Президент Трамп отқа май құйып, жағдайды ушықтырды. Ақ үйдің асханасынан өзі қоздатқан жалынның шарпуын сағаттап бақылап отырды. Ол әлі күнге дейін сол арандатуын тоқтатпай келеді.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Енді қылмыстық іс тиісті шара қолдану үшін Әділет министрлігіне жіберіледі. Бірақ комитеттің ұсынысы міндетті орындауға жатпайды. Сондықтан Әділет министрлігі қылмыстық қудалау жүргізе ме жоқ па белгісіз, дербес шешім қабылдайды. Десе де депутаттардың қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы ұсынысының өзі 2024 жылы Президенттік сайлауға түскелі отырған Трамптың беделіне нұқсан келтіруі ықтимал. Оның үстіне қазан айында жүргізілген сауалнама әрбір бес республикашылдың екеуі Трамптың шабуылға ішінара қатысы бар деп санайтынын көрсеткен. Алайда, демократтар құрған арнайы комитеттің қазір экс президентті жазалау туралы ұсыныс жасап қалуға тырысып жатқаны да бекер емес. Өйткені, келер айдан бастап Конгрестің өкілдер палатасы аралық сайлауда жеңіске жеткен республикашылдардың бақылауына өтеді. Олар бірінші кезекте бұл тергеу тобын таратып жіберуге және Трампқа қарсы іс бастағандарды қыспаққа алуға бекініп отыр.
Айта кетейік, жаппай тәртіпсіздік кезінде 5 адам қаза тапқан еді. Оның ішінде полиция қызметкері де бар. Сондай-ақ 140-тан астам тәртіп сақшысы жарақат алды. Капитолийге миллиондаған доллар залал келді. Тәртіпсіздікті ұйымдастырды деп айыпталған Трамптың бірнеше жақтасы сотталып, он жылдан аса түрмеге жабылды.
Жалғас Сәдібекұлы