Америкада қазақ қыздары ауыр жүк көлігін жүргізеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Америкада қазақ қыздары ауыр жүк көлігін жүргізеді

20.12.2022

Америкада темір жол байланысы нашар. Сондықтан жүкті негізінен көлікпен тасиды. Сәйкесінше бұл салада үш жарым миллион жүргізуші істейді. Ауыр жүк көлігін жүргізетіндердің қатарында қазақ қыздары да аз емес. Әрі қатары күн санап көбейіп келеді.

Жұлдызай Исмайлова кезекті сапарына қамданып жатыр. Қазақстанда, тіпті жеңіл көліктің рөлін ұстап көрмеген қазақ қызы қазір Америкада ұзындығы 21 метр болатын ауыр жүк көлігінің жүргізушісі. Оны басқаруды екі апта ішінде меңгеріп алған. Жалпы, жүк көлігін тізгіндегеніне алты айдан асыпты.

Жұлдызай Исмайлова, жүк көлігінің жүргізушісі:

Жүк көлігін айдайтын адамдарды мұнда өте сыйлайды. Американың бүкіл қозғалысы жүк көлігіне байланысты.

Америкалықтар құрметпен ғана емес таңырқай қарайтын жүргізушінің бірі – Cымбат Кәрімбекова. Жасы нeбәрі 25-те. Жүк көлігін жүргізуі бір жыл бұрын бастаған.

Сымбат Кәрімбекова, жүк көлігінің жүргізушісі:

Менің бойым 1,55 см, салмағым 45 келі. Негізі трак дегенде көз алдыңа үлкен ер адамдар елестейді. Ал менің сыртқы келбетіме қарайды да, трак тұратын алаңдарға барғанда жанармай құйғанша бәрі қарап тұрады. Кейбір америкалықтар қасыма келіп тракты сіз басқарасыз ба деп сұрап жатады.

Сымбаттың Америкада жүргеніне үш жарым жылдан асыпты. Сол аралықта үй тазалау қызметін көрсететін жеке компания ашып, он бес адамды жұмыспен қамтыған кездері де болыпты. Бірақ ковид кесірінен бизнесі тоқтаған.

Сымбат Кәрімбекова, жүк көлігінің жүргізушісі: 

 Құрбыларымның бәрі трак жүргізе бастады. Сосын мен де жылжыдым. Өйткені трактағыдай жалақы ешқайда жоқ.

Жұлдызай Исмайлова, жүк көлігінің жүргізушісі:

Менің жанымда 20-30 қазақ қызы бар. Барлығы жап-жас қыздар, бойдақ қыздар көп.

Жүк көлігін жүргізу табысты болғанымен қиыншылығы қоса бар. Әрбір штаттың өзіне тән жол ережесін білу керек. Оның үстіне апталап ұзақ жолға шығуға тура келеді. Ал тауарды уақытылы жеткізбесе айлығы қысқарады. Америкада темір жол дамымаған. Сондықтан тауардың жетпіс пайызы жүк көліктерімен тасылады. Содан болар қазақ қыздары санаулы айдың ішінде америка шарлап үлгеріпті.

 Сымбат Кәрімбекова, жүк көлігінің жүргізушісі:

44-45 штатта болдым. Бүкіл жерін көрдім. Биік тауларды, неше түрлі климаттық белдеулерді көрдім.

Жұлдызай Исмайлова, жүк көлігінің жүргізушісі:

Трак ішінде барлық жағдай жасалған. Тамақ ысытатын, тағы да басқа бар жағдай жасалған. Жататын орын бар, сондықтан бізге қонақ үй алып қажеті жоқ.

Десе де ұзақ сапар тез титықтады. Жүргізушілердің көбі үш төрт жылда жүк көлігін тізгіндеуден бас тартып жататыны содан. Жұлдызай да бұл салада ұзақ жүрмей, өзі бастамашы болған Филадельфиядағы қазақ американ қауымдастығы ширатып, қазақ бизнесін дамытуға күш салуды жоспарлап отыр. 


Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу