Жастар инновациялық жобаларын ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жастар инновациялық жобаларын ұсынды

19.12.2022

Қызылордада өнертапқыш жастардың облыстық байқауы өтті. Биыл екінші мәрте ұйымдастырылған фестивальге 1700-ге жуық жас инновациялық жобаларын ұсынды. Түрлі бағыттағы бастамалардың ішінен үздіктері анықталып, жеңімпаздарға қаржылай сертификаттар табысталды.

Білім мен ғылымды ұштастырған озық ойлы жас буынның бүгінде жаңашылдыққа жаны құмар. Биылғы байқауға қатысушылардың көбі IT және инженерлік бағыттағы тың дүниелерін көпшілікке таныстырды. Сондай-ақ, «Контент-медиа», «Кино-видео» салалары бойынша да түрлі жобалар көрермен назарына ұсынылды. Осындай талантты да, талапты жастарға аймақта айрықша көңіл бөлініп, жан-жақты қолдау көрсетілмек.

Нұрымбет Сақтағанов, облыс әкімінің орынбасары:
Біздің Қазақстанда осы жаңа бастамашыл әлемдік сұранысқа ие болатын өнімді шығаратын дарындылар аз емес. Сіздердің араларыңыздан сондай мықты жастар шығатынына біз кәміл сенеміз. Оның үстіне мемлекеттік қолдау осы ІТ саласына ерекше болып отыр.

Фестивальге қатысушылар арасынан жеңімпазды анықтау қазылар алқасына да оңай болған жоқ. Жобалар бірінен-бірі асып жатты. Мәселен, көлік жүргізушісіне арналған көзілдіріктің ерекшелігі ол адам қалғып кеткен кезде дыбыстық және вибрациялық белгі беріп, жол апатының алдын алады. Мұнан басқа, Күн энергиясымен жүретін робот авокөлік, басқа да креативті бастамалар ұйымдастырушыларды ерекше қызықтырды.

Аралбек Жанысбеков, байқау жеңімпазы:
Менің бүгінгі жасаған жобам. Күн сәулесімен жүретін жол талғамайтын көлік. Күн сәулесін электр энергиясына айналдырып, табиғатқа өз зиянын тигізбей, табиғи жолмен жүреді. Әскери саласында қолдануға болады мысалы. Жүк көлігі ретінде қолдануға болады.

Осылайша үздік деп танылған жас өнертапқыштарға 3 миллион теңгенің жүлде қоры үйлестірілді. Сондай-ақ осы байқауда дараланған мектеп түлектеріне жергілікті оқу орындарының білім гранттары табысталды.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу