Бір жылда 250 жоба қаржыландырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бір жылда 250 жоба қаржыландырылды

19.12.2022

Алматыда жыл басынан бері кәсіпкерлерге 67 мың тегін консультациялық қызмет көрсетілген. Соның арқасында 250 азамат мемлекеттік грант ұтып алып, жеңілдетілген несие алған. Сондай-ақ өз ісін бастаймын деген 800-ден астам адамға рұқсат қағаздары берілген. Шағын және орта бизнес өкілдеріне көмек алу үшін қайда жүгіну керек? Қандай қызметтер тегін көрсетіледі? Тілшіміз тарқатып айтады.

Бұл орталық балаларды 2 жастан мектепке даярлайды. Ал 7 жастан бастап қолөнер, хореография, вокал бағыттарында талантын шыңдайды. Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспабы домбыра тартуды үйренеді. Орталық жетекшісінің сөзінше, жыл санап бала саны артып келеді.

Әсима Сұлтанова, орталық жетекшісі:
 «Qoldaý» кәсіпкерлік орталығы бізге консультацияларын беріп бізге бизнес жоспарды жазуға көмектесті. Содан біз кәсіпкерлерге арналған жеңілдетілген несиені алып, екінші орталықты ашып отырмыз. Мұны біздің бизнесіміздің үлкеюі деп санаймыз.

Бүгінде орталықтағы үйірмелерге 150 ұл-қыз қатысады. Ал келер жылдан тағы 150 баланы қабылдау жоспарда бар. Мемлекеттен тиісті қаражат бөлініп, олар тегін оқытылмақ. Жыл басынан «Qoldaý» кәсіпкерлік орталығы Әсима сынды 60 мыңнан астам кәсіпкерге консультациялық қызмет көрсеткен.

Мәдина Әліпбай, «Qoldaý» кәсіпкерлік орталығы» жшс жобаларды сүйемелдеу департаментінің директоры:
2022 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 66 910 консультациялық қызмет көрсетілді. Сонымен қатар 250 жоба қаржыландырылды және 836 рұқсат құжаттары бойынша рұқсат алынды.Кәсіпкерлер өздерін қызықтырған сұрақтар бойынша біздің орталыққа келе алады. Алматы қаласы Байзақов көшесі, 303 үй.

Сондай-ақ «Qoldaý» орталығы азаматтарға кәсіпкерлік бойынша бағыт-бағдар беріп, олардың сауаттылығын арттыруға көмектеседі. Тегін кеңестерді шағын және орта бизнес субьектілері және Алматы қаласында тіркелген бизнес бастамалары бар тұлғалар ала алады.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу