Шаһардың негізгі орталығы. Қала тарихында қазақ Туының екінші рет көтерілу сәті. Яғни, Азаттық күнін атап өту мұндағы қазақтардың дәстүрлі шарасына айналып келеді. Қала мэрі де құттықтау хатын жолдап, қазақ диаспорасы шаһардың дамуына сүбелі үлес қосып жатқанын атып өтіпті.
Девид Oу, Филадельфия қаласы мэрінің кеңесшісі:
Филадельфия қаласында және штатта қауымдастықтың беделі күн сайын артып келеді. Оған сіздер де үлес қосып жатырсыздар. Қазақтың ұлттық киімдері мен мәдениеті және тарихы туралы көбірек білген сайын және Қазақстан халқы шынымен де еркіндікті, азаттықты сүйетін көшпелілер мұрасының заңды жалғасы екенін аңғарасың.
Қазақ қайда жүрсе де қонақжайлылығын ұмытпақ емес. Дәстүрге сай қонақтардың иығына шапан жапты. Күн ызғар, жаңбырлы. Соған қарамастан қазақ диаспорасы тәуелсіздік мерекесін тойлауды тоқтатпады. Ел үшін маңызды күнде туған жерге ықыласын білдіру үшін американың өзге қалаларынан келгендер де аз емес. Шараға берісі Нью-Иорк, әрісі Лос-Анжельстен де қазақ өнерпаздары шақырылған.
Брайн Картер, жазушы:
Мен сіздердің мәдениеттеріңізді ұнатып қалдым. Бояуы қанық, ұлттық киімдеріңіз бірден көзге түседі. Бұл ұлттық ерекшеліктің бірі.
Мереке күні байрағымыз Филадельфия көшелерінде де желбіреді. Қазақтар авто шеру ұйымдастырып, қаланың негізгі даңғылдарымен жүріп өтті.
Жалғас Сәдібекұлы