Ақтөбе облысында жол апатына ұшыраған 5 оқушы мен жаттықтырушының жағдайы ауыр. Тағы үш бала облыстық балалар клиникалық ауруханасындағы хирургия бөлімінде ем алып жатыр.
Оқиға 17 желтоқсан күні болған еді. 9 оқушы мен жаттықтырушы Темір ауданынан Ақтөбе қаласындағы спорттық жарысқа қатысуға бара жатқан. Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық автожолында көлік аударылып, бір оқушы оқиға орнында көз жұмды. Әзірге жол апатына не себеп болғаны нақты айтылмады. Дегенмен, Полиция департаменті жүргізушінің қамауға алынғанын хабарлады.
Айдос Құлжанов, облыстық Полиция департаменті басқарма бастығының орынбасары:
Темір ауданының 32 жастағы тұрғыны басқарған «Тайота Естима» автокөлігі аударылған. Автокөлік ішінде 11 адам болған. Оның ішінде тоғызы 2010-2011 жылы туған балалар болды. Олар Шұбарқұдық аулынан Ақтөбе қаласына волейболдан жарысқа шыққан.
Жағдай облыс басшылығының бақылауында. Бес бала мен жаттықтырушы жатқан медициналық мекеме қажетті құрал-жабдықтармен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Қажет болған жағдайда Астанадан мамандар шақырылады. Қайғылы оқиғаға байланысты облыс орталығында өтіп жатқан волейбол жарысы тоқтатылды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.
Жақсыбек Кемал