Тозығы жеткен жылу электр орталықтары қыс басталмай жатып кезек-кезек бұзылып жатыр. Екі аптаның өзінде Екібастұз, Риддер, Теміртау, және Петропавлда апаттар болып, халық -20-30 градус аязда жылусыз қалды. Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың сөзінше, ескі станцияларды жаңартуға қыруар қаржы қажет. Сондықтан, тарифті белгілеу жүйесін қайта қараған жөн.
Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:
2018 жылдан бастап тариф өспеді. Бірақ, инфляция өсіп жатыр. Қажетті құрал-жабдықтар шет елден әкелінеді. Елдегі 17 нысанды дереу жөндеу қажет. Одан бөлек жаңа орталықтар керек. Өйткені, жылу электр орталықтары жетпейді. Осы жобаларды іске асыру үшін кемі 400 млрд теңге қажет.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин де Екібастұз жылу электр орталығындағы апатты «әлеуметтік бағытта жасалған тариф саясатынан» көрді.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрі:
Өткен жылы тариф есебінен Екібастұздың 420 шақырым құбыр желісінің 619 метрі ғана жөнделді. Бұл небәрі 0,01 пайыз ғана. Әрине, мұндай тариф саясаты ерте ме, кеш пе осыған әкелер еді.
Ал, тарифті бекітетін Ұлттық экономика министрлігінің өкілі, ең алдымен, қаржының қалай жұмсалып жатқанын бақылау керек, - дейді. Себебі ақша тиімді игерілмейді екен.
Нұрлан Болатбаев, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары:
Тарифтің төменділігі, тариф дұрыс емес дегенге келіспеуге болады. Біз өздігімізден тариф бекітпейміз, бізге алдын ала өтінім ұсынылады. Кейбір жағдайларда табиғи монополия субьектілері берген шығындарды орындамай жатады. Екібастұз компаниясында 192 млн игерілмей қалған сумма өткен жылға бар.
Министрлік мәліметінше, былтыр жылумен қамту саласында ел бойынша 2,3 млрд теңге игерілмеген. Ең көбі Шымкент қаласында 525 млн, одан кейін Жамбыл облысында 474, Ақтөбе облысында 320 млн теңге. Яғни, бұл қаражаттың қалай жұмсалғаны белгісіз.
Ал, энергетика саласының ардагері Бірлесбек Алияров аймақтардағы жылу беру жүйесін тексеруді күшейту керек, дейді.
Бірлесбек Алияров, энергетика сарапшысы:
Мен 5 жыл сол тарифті бекітетін комиссия болып, Алматының акиматының жанында соны басқардым. Сол жерде көп нәрсе көрдім, тарифті қалай санайтынын. Артық санайтынын, қалай өтірік қосатынын көрдім.
Энергетик тарифті бекіту жүйесі ашық болуы керек,- деп есептейді. Ал, елдегі жылу электр орталықтарының негізгі жабдықтарының 66 пайызы тозғаны талай айтылды. Жылу желілерінің 53 пайызы ескі. Оларды жөндеуге тарифтен түсетін пайдадан бөлек, компанияларға мемлекеттен де қолдау бар.
Әзімбек Пазылбекұлы, ҚР ИИДМ Комитет төрағасының орынбасары:
Жылу желілері, сумен жабдықтау, су бұру желілерінің тозу деңгейін түсіру мақсатында табиғи монополия субьектілеріне 0,01 пайызбен жеңілдетілген несиелер беріледі. Қазіргі таңда мұндай несиемен 76 табиғи монополия субьетілері 295 млрд қаражатқа жұмыстарды жүргізген. Және де тарифті өсірмеу мақсатында жалпы жобаның 50 пайыз құнын субсидиялайды.
Яғни, тарифтен бөлек мемлекет тарапынан осындай қолдаулар бар. Дегенмен, Жылу электр станцияларының 76 проценті 50 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның бәрін жылдам жаңару өте қиын, - дейді маман.
Әзімбек Пазылбекұлы, ҚР ИИДМ Комитет төрағасының орынбасары:
10 жылдың өзінде жылу желілерін толық жағыртудан өткізетін болсақ, 2 трлннан астам қаражат қажет етеді. Сондықтан бұл жұмыс бірден 5-10 жылдың ішінде шешілетін жұмыс емес.
Сондықтан, ескі орталықтарды жамап-жасқай бергенше, жаңартылған энергия көздеріне көшу керегі айтылып жүр. Мысалы, қазір жасыл энергетика көлемі 4 жарым пайыздан асқан. 2030 жылға қарай оның үлесін 15 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бірақ, ол да оңайға түспейтін сынды.
Абай Құланбайұлы, ҚР Энергетика министрлігі ЖЭК департаментінің директоры:
Бізде қазір жалпы тұтынып жатқан электр энергиямыз жылына шамамен 110-115 млрд сағат. Ал, 920 млрд тек бір желдің әлеуеті. Ойлаңыз 9 есе көп.
Бірақ мұның екінші жағын ойлау керек. Тек жел энергетикасын дамыта беретін болсақ, бұларды реттейтін генерация керек болады. Ал, түбінде ол тарифке алып келеді. Егер еліміз соған дайын болса, онда тек қана жел энергетикасымен қамтуға болады.
Бірлесбек Алияров, энергетика сарапшысы:
Жасыл энергетика қымбат өте. Егер бізде қазір бәріміз ауыссақ жасылға онда біздің тарифіміз қазіргіден 5 еседен артық өсіп кетер еді. Бізде көмір өте арзан. Әлемнен 5-6 есе арзанбыз. Ей, қарағым, арзан көмір тұрғанда соны жақпай күн сәулесін, өзен, жел іздеп жүресің бе? Мысалыға тағы да айтайық, қазір газ жағу керек деп айқайлап жатыр ғой. Газдың бағасы қанша әлемде. Ол 1 мың доллар көлемінде, Біздің Екібастұздың көмірі өндірген жерінде 6 доллар.
Сондықтан, көмірді көп өндіріп, сыртқа сатылатын көлемін көбейту керек дегенді айтты ардагер энергетик. Алайда, Қазақстан-Париж климаттық келісіміне қол қойған. Ол бойынша келер жылдан бас¬тап құрамында көміртегі бар өнімдерге экосалық салынады. Сонда көмірді сыртқа сатудан түсетін пайда азаюы да мүмкін. Ал, біз жауапты министрлік өкілінен келесі жылы тариф жылудың бағасы өсуі мүмкін бе? - деп сұрағанбыз...
Нұрлан Болатбаев, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары:
Келесі жылы жоспарлы тарифтер 4-5 пайызға жоспарланып отыр. Бұл 20-жылдан 25-жылға дейін 5 жылдыққа берілді. Яғни, жыл сайын 4-5 пайызға жоспар бар. Яғни, 5 жыл өткеннен кейін табиғи монополиялар ұсынатын болады, сол кезде жаңадан өтінімдер қарастырылып, қайта қаралатын болады.
Демек, әзірге жылу мен энергия бағасы айтарлықтай қымбаттамайды. Дегенмен, 5 жылдан кейін жағдай қиындауы мүмкін. Себебі, оған дейін орталықтар әлі де ескіретіні белгілі. Өйткені, дәл қазір оларға қаржы құятын инвестор табу оңай болмай тұр.
Амангелді Сейітхан