Семейлік кішкентай Ерасыл Қалибековтың еміне шұғыл түрде көмек қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейлік кішкентай Ерасыл Қалибековтың еміне шұғыл түрде көмек қажет

15.12.2022

Семейлік кішкентай Ерасыл Қалибековтың еміне шұғыл түрде көмек қажет. 2,5 жастағы бүлдіршін «арқа бұлшықеті атрофиясы» дертіне шалдыққан. Сирек кездесетін кеселді шет елде емдеуге мүмкіндік бар. Бірақ, қаржы тапшы. Әлемдегі ең қымбат саналатын «zolgenzma» дәрісі 1 миллиард теңге тұрады. Сәбидің болашығынан үмітін үзбеген ата-анасы жанашыр жандардың көмегімен қажет қаржыны жинауды бастап кетті.

Ерасылдың мұндай дертке шалдыққанын ата-анасы биыл ғана білген. Оған дейін дәрігерлер түрлі диагноз қойып, өзге ем түрлерін жасап уақыт өткізіп алған. «Арқа бұлшықеті атрофиясы» сирек кездесетін генетикалық ауру. Егер дер кезінде тиісті препараттарды қолданса, аяғынан тұрып кетеді деген үміт бар.

Ақбота Нұрғалымова, қала тұрғыны:
Жүре алмайды. Осы көктемде ғана еңбектеген. Әлден еңбектей алмаймыз. Жаз айында, қолының көмегімен алға қарай жылжитын. Оны да істей алмайды. Қазір тек отырады. Арқасына жастық, жұмсақ нәрсе қойып отырғызамыз.

Дертті тез арада емдемесе, дендеп барады. Уақыт өте келе, ет сүйектен ажырап кетуі мүмкін. «Қазақстан халқына» қоры отандық дәрігерлердің кеңесімен Ерасылдың емі үшін «Резиплам» препаратын тағайындап отыр. Бірақ, ол сырқатты асқындырмау үшін ғана жарамды. Оның өзі әлі қолға тимеген. Ал Біріккен Араб Әмірлігіндегі мамандар «Zolgenzma» екпесінің арқасында баланы аяққа тұрғызуға болатынын айтқан.

Ақбота Нұрғалымова, қала тұрғыны:
Бір жылдан кейін бұл мүмкіндікті пайдалана алмайтын да шығармыз. Сондықтан баламыз үшін, ата-ана ретінде бұл біздің әрекет. Халықтан, бүкіл жанашыр жаннан баламызға көмек қолын созуға өтініп сұраймыз.

Қазір еліміз бойынша көмек қолын созғандар табылып жатыр. Семейлік белсенді жастар да бірнеше күннен бері акцияларды қолға алды. Ерасылға арнап концерттер мен «Жайдарман» ойындарын ұйымдастырып, қажет қаражатты жинау үшін аз да болса септігін тигізуде.

Ерасыл Өмірәлиев, студент:
Біз бүгінгі концертпен тоқталмаймыз. Бір апта бойы қайырымдылыққа ақша жинаймыз. Жиналған қаражаттың барлығын Ерасыл бауырымыздың еміне жібереміз.

Қазір тек 9 миллион теңге шамысында ғана қаржы жиналды. Кішкентай Ерасылдың өміріне араша түсіп, қол ұшын беремін дегендер үшін есепшот төменде көрсетілген.

Ержан Жақып

KASPI. KZ 4400 4301 9565 8759 8778 180 28 93



Хабарламаларға жазылу