Көршілес Астрахань облысында Қазақстан мен Ресей жастарының форумы өтті. Оған еліміздің әр өңірінен 50-ге жуық делегат қатысты. Ауқымды шарада инновацияға негізделген кәсіпкерлік жобалар талқыланды.
Қуаныш ресейліктерге экология бағытындағы кәсіпкерлік жобасын таныстырды. Ойы ұшқыр жас Атыраудағы қараусыз жатқан шипалы Тұзды көлді жандандырғысы келеді. «Дала дәрігері» аталып кеткен киелі орынға этно стильдегі демалыс кешенін салсам дейді. Сөйтіп отандық туризмнің дамуына үлес қоспақ. Презентациясы жиналғандарды сүйсінтті.
Қуаныш Иманияз, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің студенті:
Пайдасын білесіздер Тұздыкөлдің. Құрамында бор, калий, йод бар. Соларды пайдаланып, адам денсаулығын жақсартамыз. Менің жобама қызығушылық білдірді. Алдағы уақытта осы жақпен де жұмыс жасау ойда бар.
Екі елдің жастары бірігіп, кәсіпте тыңнан түрең салса ғана экономиканың жаңа тынысы ашылады. Форумның өзегі осыда жатыр. Салаға жігерлі жастардың жарқын бастамалары жетіспейді. Мәселе салмақты. Шарада тақырыпқа қатысты беделді сарапшылар ой білдірді. Сақа мамандар білгенімен бөлісті. Жиналған жүздеген адам пленарлық сессияларда бас қосып, шеберлік сағаттарында білімін шыңдады. Тәжірибе алмасты.
Алексей Рвачев, Жастарға қолдау көрсету орталығының директоры /Ресей/:
Жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту – жаңа бастамалардың жүзеге асуына жол ашады. Ниеттілер көп. Биыл он мыңға жуық үміткердің өтінімін қарадық. Енді, қазақстандық жастардан да тың жобалар күтеміз.
Биылдыққа Ресеймен Атырау арасындағы тауар айналымы 4 пайызға артты. Соңғы 10 айдың өзінде импорт пен экспорт көлемі 325 млн АҚШ долларын құрады. Форумда көзделген мақсаттар сәтті жүзеге асса, онда елге түсер пайда тағы да еселенбек.
Константин Маркелов, В.Татищев атындағы Астрахань мемлекеттік университетінің ректоры:
Форум - жарқын бастамалардың алаңына айналып отыр. Жастар түрлі тақырыпта пікір алмасты. Жаңа технология, экология, робот жасау бойынша жобалармен таныстық. Қызығуға тұрарлық.Біз қолдауға әзірміз.
Астрахань өлкесінде ұлттың айнасына айналған біртуар тұлға Бөкей хан мен күй атасы Құрманғазының кесенесі бар. Алтын Орданың ежелгі астанасы Сарай Бату да осында. Жастар дүлділ күйшінің жерленген жеріне зиярат етіп барды. Мәдени кешенінде танымдық квест өткізді.
Жандос Темірғали, тілші:
Тек Атыраудың өзінде 500-ден астам ресейлік азамат өз бизнесін тіркеген. Екі жақты кәсіпке тұсау жоқ. Форум ұйымдастырушылары – жастардың да осы белеске ұмтылғанын қалайды. Келешекте Астраханьда Каспий маңы елдері жастарының штабын құру жоспарда бар. Оған дейін ауылы аралас, қойы қоралас болған көршілес облыспен Атырау тарабы, алдағы үш жылдың жоспарына сай маңызды 6 сала бойынша ынтымақтастық жөніндегі құжатқа қол қояды.