Баға шарықтап барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Баға шарықтап барады

14.12.2022

Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерілген маңызды мәселенің бірі – қымбатшылық. Мемлекет басшысы 11 айда экономиканың өсімі 4,6 пайыздан 2,7 пайызға дейін төмендегенін айтып, мәселені шешуге тапсырма берді.

Серік Селеубайұлы, тілші:
Ұлттық банк қарашада жылдық инфляция 19 пайыздан асқанын, оның ішінде азық-түлік бағасы 24 пайызға қымбаттағанын мәлімдеді. Бірақ сарапшылар көрсеткіш ресми мәліметтен әлдеқайда жоғары екенін айтады. Мысалы, бір жылда кір сабын - 77, құмшекер - 74, макарон мен дәретхана қағазының өзі 42 пайызға қымбаттаған. Дүкендерді аралап жұмыртқа жыл басынан бері шамамен - 120, сүт - 220, шай 50 теңгеге қымбаттағанын көрдік. Экономистер мұны әлемдегі геосаяси жағдайдың шиеленісуімен байланыстырады. Келесі жылы күтілетін 11-13 пайыз инфляция дәлізін ұстап тұруға да солтүстіктегі көршіміздің шешімі әсер етеді дейді олар.

Рашид Жақсылықов, экономист:
Украина мен Ресейдің ортасында бейбітшілік орнап, соғыс тоқтайтын болса, онда біздің экономика дамыр еді. Ал енді ол тоқтамайтын болса, біздің экономика бір күшейіп кетеді деген жақсы бір болжам жоқ. Өйткені біз жаңа серіктестер табу үшін оған уақыт керек. Жаңа инвесторлар табу үшін. Жаңа жол салу үшін оған да уақыт керек. Қаншама келісімшарт керек.

Серік Селеубайұлы, тілші:
Қазақстанда инфляция соңғы 14 жылда болмаған деңгейге жетті. Ал санкцияның астында қалған Ресейдегі жағдай қалай? Оны Мәскеудегі меншікті тілшімізден білейік.

Индира Бегайдар, тілші:
Санкция астында қалған Ресейде де қымбатшылық белең алып барады. Тіпті соңғы аптада инфляция үш есе өскен. Әсіресе күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құны шарықтады. Бұдан былай Ресей «дос емес» елдерден жеткізілетін тауарларға 35 пайыз баж салығын енгізу туралы жарлық шығарды. Отандық өнімге баса мән берілмек. Алайда сарапшылар ресейлік өндірушілер барлық нарықты қамти алмайды дейді. Технологияда бір жолға қойылмаған. Еуропамен алыс-беріс үзілгелі Ресейде қағаз, дәрі-дәрмек жетпей жатыр. Дәрі бірден 300 пайызға қымбаттап кетті. Орталық банк келер жылы жалпы ішкі өнім 4 пайызға төмендеп, экономика құлдырайтынын мойындады. Еуропадағы ахуалды әріптесім Нұрсұлу Қасым баяндайды.

Нұрсұлу Қасым, тілші:
Еуропада да баға күннен-күнге шарықтап барады. Еуроаймақ бойынша жалпы инфляция деңгейі 10 пайыз болғанмен, Эстония, Латвия, Литвада инфляция 20 процентке жетті. Газ бен электроэнергия бағасының көтерілуі азық-түліктің қымбаттауына әкеп соқты. Мәселен, Венгрияда нан 60 пайызға, ал Италияда макарон өнімдері 30 пайызға қымбаттады. Қант, сүт, ірімшіктің бағасы кей елдерде 45 процентке көтерілді. Былтыр мынадай ең арзан деген күнбағыс майының бір литрі 1 евро 47 цент тұратын. Қазіргі құны 3 евро 49 цент, бізше 1730 теңге. Сатып алу қабілеті төмендеп, қымбатшылықтан қажыған еуропалықтар апта сайын наразылық шеруін ұйымдастырып жатыр. Ал, Түркияда ахуал қалай екенін әріптесім Айдос Әшімұлынан білейік.

Айдос Әшімұлы, тілші:
Түркияда да биыл экономикалық көрсеткіштер мәз емес. Қаржы министрлігі таратқан ақпаратқа сай, соңғы 11 айдың қорытындысы бойынша инфляция 84,39 пайызға жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Түрік лирасы Еуропадағы құны ең төмен валюталардың біріне айналды. Тиісінше баға да шарықтап барады. Мәселен, нан, сүт, ет сияқты әлеуметтік азық-түлік бағалары 50 пайызға дейін көтерілді. Түркия статистика басқармасының мәліметіне қарағанда соңғы айда бағасы күрт көтерілген 10 тауардың жетеуі азық-түлік. Мамандар бағаның өсуіне елде өндірілген ауыл шаруашылығы тауарларының ішкі нарықты толық қамтуға жетпеуі және жанармайды сырттан тасымалдау себеп болып отыр дейді. Соның кесірінен халық қымбат та болса шетелдік өнім алуға мәжбүр. Түркия билігі инфляцияны төмендету үшін пайыздық ставканы да төмендету керек деген саясат ұстанып келеді. Дегенмен ол әзірге жемісті емес. Бұдан бөлек инфляцияға қарсы шара ретінде жыл соңына дейін ел билігі, қазір шамамен 138 мың теңге болып тұрған, ең төменгі жалақыны екі есеге жуық көтеруді жоспарлап отыр. Алайда мамандар бұл өз кезегінде бағаның тағы да көтерілуіне әкеледі деген болжам айтады. Яғни бүкіл әлемдегі сияқты Түркияда да әзірге инфляция қамытынан құтылудың нақты жолы жоқ.


Хабарламаларға жазылу