Қызылордада жылу желілерінің 50 пайызы жаңарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада жылу желілерінің 50 пайызы жаңарды

14.12.2022

Қызылордада жылу желілерінің 50 пайызы жаңарды. Шаһарда магистральді құбырларды ауыстыру жұмысы соңғы 5 жылда тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылып жатқан басқа да шаруалар осы аймаққа жұмыс сапарымен барған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасарына көрсетілді.

Бүгінде көптің басты мәселесі баспана тауқыметі. Аймақта 35 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінде тұр. Әсіресе, шаһардан қоныс іздегендер көп. Соңғы жылдары қалада тұрғын үй құрылысы қарқын алып, жаңадан 13 мөлтек аудан құрылды. Әлі де құрылыс бәсеңдеген жоқ. Қазіргі таңда 500 пәтерлік 10 үйдің құрылысы аяқталып, жақын арада пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Сырдарияның сол жағалауынан да заман талабына сай жаңа қоныстар бой көтермек.

Әнуар Айдын, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
Сол жағалауда 10 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Пәтер саны 470. Жобаның құны 8,5 миллиард теңге. Одан бөлек бізде 7 қабатты 84 пәтерлі алты тұрғын үйдің құрылысы келесі жылы басталатын болады.

Мемлекет басшысын алаңдатып отырған еліміздегі инженерлік инфрақұрылымдық желілердің мәселесі де министрліктің басты назарында. Бұл бағытта өңірде жағдай тұрақты. Жаңа тұрғын үйлерде дербес жылу қазандықтары қарастырылған. Ал шаһар тұрғындары үшін ең басты жаңалық келер жылы жаңа жылу орталығының құрылысы басталады.

 Еркебұлан Дауылбаев ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары:
Сіздердің өңірде жылу желілерінің тозу деңгейі қатты төмен емес. 47 пайыз. 50 пайызға дейін ол норма болып есептеледі. Оны күрделі мен ағымдағы жөндеуді талап ететін жұмыстар. Тәуелсіз Қазақстанда бірінші болып салынайын деп жатқан ЖЭО-ның құрылысына қатысты қазір инвесторлар тартылып, тиісті қаражаттары бөлініп аталған жұмыстар жасалып жатыр.

Сапар аясында Еркебұлан Дауылбаев жергілікті тұрғындармен кездесті. Жиында аймақ құрылысшылары жаңадан салынатын тұрғын үйлердің шаршы метрі үшін облыста бекітілген шекті бағаның құнын көтеру бойынша өз талап-тілектерін жеткізді. «Жалпы министрлікке қатысты айтылған әбір ұсыныс-пікір жинақталып, тиісті шешімдер қабылданатын болады», - деді вице-министр.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу