Смайылов: Біздің жұмысымыздың нәтижесін қазақстандықтар сезінуі керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Смайылов: Біздің жұмысымыздың нәтижесін қазақстандықтар сезінуі керек

14.12.2022

Шешім қабылдай алмайтын Үкімет мүшелері орнын босатуы керек! Бүгін Премьер-министр осылай деп қарамағындағыларға қатаң ескертті. Себебі, екі күн бұрын министрлер кабинетінің жұмысын Мемлекет басшысы аяусыз сынаған еді. Тіпті Әлихан Смайыловтан «Үкіметтің қазіргі құрамымен жаңа жылға аяқ басуға бола ма?» деп сұраған. Президент сауалына Үкімет басшысы не деп жауап берді?

Әдетте жылы жүздесіп, жиынға дейін емен-жарқын отыратын министрлердің бүгін бір-біріне қарауға мұршасы болмады. Алда атқарар жұмыс қауырт. Бірақ күн тәртібіне көшпес бұрын Премьер-Министр «Үкіметтің қазіргі құрамымен жаңа жылға аяқ басуға бола ма?» деген Президенттің сұрағына жауап берді. Әлихан Смайылов премьер ретінде тапсырмаларды орындауға, жауапкершілік алуға дайынмын деді. Және әкімдер мен министрлер де соны талап етті. Ал қолынан іс келмейтіндер креслосын қазірден босатуы керек. 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
 Біздің жұмысымыздың нәтижесін қазақстандықтар сезінуі керек. Талап өте жоғары. Ал қолымнан келмейді, шешім қабылдай алмаймын деген әріптестеріміз қазірден орнын босатсын. Орындарыңызға басқа адамдар келеді. Халыққа шын жаны ашитын, мойнына жауапкершілік алып, батыл шешім қабылдайтын адамдармен ғана жұмысты жалғастырамыз.

Бірақ Үкімет мүшелерінің барлығы халыққа жаны ашитын, жауапкершілік алып, батыл шешім қабылдайтындардың қатарынан болса керек. Премьердің орнын босатсын деген талабына үн қатпады. Керісінше Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын іске асырып, халықтың әл-ауқатын арттыруға, ел экономикасын дамытуға күш салмақ.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
Мен өз тарапымнан бүкіл күшімді саламын. Мен қызметімді жалғастыруға дайынмын.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Денсаулық сақтау саласына байланысты көрсеткіштер былтырмен салыстырғанда, тіпті екі-үш жылмен салыстырғанда жақсарып келеді. Қазір мен қызметімді істеуге дайынмын.

Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Бірден ашық жауап берейін. Иә, Үкіметтің қазіргі құрамымен жаңа жылға аяқ басуға дайынмын. Әрине егер маған соны сеніп тапсырса.

Ал Премьер-Министр алдағы жыл бұдан да қиын болады деп отыр. Сондықтан әкімдер мен министрлер бар күшін салып жұмыс істеуі керек. Әсіресе бой бермей кеткен қымбатшылықпен күресу үшін бір айда инфляцияға қарсы шараларды қайта қарамақ. Ал жұрттың табысын арттырып, жұмыспен қамту үшін бизнеске қолдау артады. Қарапайым заттар экономикасы бойынша несиелер 7 жылға ұзартылады. Ал ауылдық жерлерді дамыту үшін ауқымды тұжырымдама әзірленбек.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
2023 жылы бізді жаңа сын-қатерлер мен тәуекелдер күтіп тұр. Сондықтан біз Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен тапсырмаларын сапалы іске асыру үшін барынша күш салуымыз керек. Сондай-ақ біз форс-мажор жағдайларға барынша тез әрекет етуіміз қажет. Әр министр өз саласы бойынша тапсырмалардың 100%-ға орындалуына кепілдік беруі тиіс. Ал әрбір әкім жергілікті жерлерде әлеуметтік-экономикалық мәселелердің сапалы шешілуін қамтамасыз етуі керек.

Келер жылы жаңа бюджет кодексі мен өңірлік жұмыспен қамту картасы әзірленеді. Заңсыз берілген кен орындары түгел қайтарылып, шетелдік көліктерді заңдастыру тәртібін белгілейтін қаулы әзірленеді. Ал 2030 жылға дейін мың жарым шақырымнан астам жылу желісі жаңартылмақ.

Досжан Маратұлы, тілші:
Қысқасы, міндет көп. Мақсат айқын. Тапсырмалардың орындалуын Премьердің өзі қатаң бақылайтынын ескертті. Ал шаруаны мандыта алмағандар қызметпен қоштасады деді Смайылов.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу