Борышкердің қарызы кешіріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Борышкердің қарызы кешіріледі

14.12.2022

Банкрот деп жарияланған борышкер 5 жыл бойы несие ала алмайды. Ал оның банк алдындағы қарызы толығымен кешіріледі. Бүгін Мәжіліс «Азаматтардың төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Борышкерді банкрот деп жариялаудың 3 түрі енгізілмек. Бірінші рәсім - соттан тыс жүзеге асады. Азаматтар тиісті шарттар бойынша өтініш береді. Банктер, микроқаржылық ұйымдар мен коллекторлар алдындағы берешек 4 млн 900 мың теңгеден аспауы тиіс. Азаматтың тұрақты кірісі жоқ немесе табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 36 018 теңгеден аз болуы шарт.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі:
Егер бір жылдың ішінде төлей алмай жүрсе, мысалы 300 мың болуы мүмкін, 500 мың болуы мүмкін, оны соттан тыс банкроттыққа бере алады. Бірақ ойлану керек қой, 200 мың үшін өзін-өзі банкрот деп жариялаудың қандай жақсылығы бар. Оны да ойлану керек.

«Қаржылық ұйымдар қоғамда қордаланған мәселені шешудің тиімді тетіктерін енді ұсына алмайды», - дейді сарапшылар. Қарызға белшеден батқандарды тығырықтан шығарудың жалғыз жолы - осы заң. Құжат келер жылы көктемде күшіне енеді деп жоспарланған.

Нұржан Бияқаев, банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы:
Бізде қазір проблеманы шешудің басқа жолы жоқ деп есептеймін. Кейінгі 10 жылда несие алғандар да, борышкерлер де тым көбейіп кетті. Енді бұдан былай банкрот борышкерлер несиесіз, өз табысына өмір сүре ала ма? Бұл бөлек әңгіме. Бес жыл бойы кредит алуға тыйым салу – заңның ұтымды және ұтымсыз жақтарын көрсететін болады.

Қарызы көп борышкерлерге талап басқа. Сомасы 4 млн 900 мың теңгеден асса азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады. Оның барысында борышкердің мүлкі сатылады. Қаражат кредитор алдындағы қарызды өтеуге жұмсалады. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл болса, несие беруші оны соттың банкроттық рәсімі кезінде алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредитор оны талап ете алмайды. Банкрот борышкер шетелге де шыға алмауы мүмкін.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі:
Қасақана банкроттық жасап, қандай да бір қаражаты болып шетелге кетіп қалса, әрине ол бір жағдай. Денсаулығының сырқатына байланысты жақындарымен шетелге шықса, бұл екінші жағдай. Мұның барлығын біз заңда ара-жігін ажыратып көрсететін боламыз.

Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Тұрақты табыс болса, қарызды өтеу үшін сот тәртібімен бөліп төлеу мүмкіндігі болады. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушылармен бірге әзірленеді. Сотпен бекітіледі. Азаматтар 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіне алады. Тағы бір жаңашылдық - банкрот борышкердің қаржылық сауатын арттыру үшін арнайы курстар ашылуы мүмкін.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу