Ұлттық арнаның тарихы терең, танымдық, ақпараттық-сазды бағдарламасы «Таңшолпан» бүгін 30 жасқа толды. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін теледидарға телмірткен хабар бүгін Қазақстанның КИнЭС рекордтар кітабына енді. Өйткені бағдарлама - қазақ телевизиясындағы ең ұзақ жасаған телеөнімдердің бірі. Мерейтойға орай мерекелік шығарылымнан бөлек, эстрада жұлдыздарының қатысуымен интерактив-шоу да ұйымдастырылды.
Асылбек Данияр, тілші:
«Қайырлы таң, Ұлттық арнаның көрермендері! Эфирде «Таңшолпан» таңғы ақпараттық-сазды бағдарламасы». Қалың елді тәуелсіздік алғалы ұйқысынан оятатын хабарға биыл - 30 жыл. Мерекеге орай «Қазмедиа орталығында» бағдарлама студиясының баннері орналастырылды. Мұнда тек суретке түсіп қана қоймай, тілек дәптеріне өзіңіздің жылы лебізіңізді жазып кете аласыз.
Бағдарлама 1992 жылдың 14 желтоқсанында көрерменге жол тартты. Күні бүгінге дейін жұмыс күндері таңғы 7:00-ден 10:00-ге дейін хабар таратып келеді. Таңертеңгілік көтеріңкі көңіл күй сыйлауды бағдар еткен хабар әу баста белгілі жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның бастамасымен ашылған.
«Таңшолпанның» әрбір шығарылымында Астана және Алматы студиялары қатар хабар таратады. Бағдарлама қоғамда қызу талқыға түскен мәселелерді үнемі назарда ұстап, түрлі әлеуметтік ортаның талаптары мен талғамдарына сай ақпараттар ұсынады. Осы тұста жобаның Алматыдағы ұжымын ерекше атап өткен жөн. Өйткені, бағдарламаның шымылдығы алғаш рет осы шаһарда ашылды.
Толқын Сайдуова, «Таңшолпан» бағдарламасының алғашқы жүргізушісі:
18 мың ғаламда 19 млн халықтың досына айналған «Таңшолпанның» ғұмыры ұзақ болғай.
Айнұр Мәулен, «Таңшолпан» бағдарламасының продюсері:
«Таңшолпан» әртүрлі саланы қамтитын бағдарлама ғой. Бұл жердегі журналистер жан-жақтылықты үйренсе, көрерменіміз сол арқылы пайдалы дүниелерді алады.
Көрермен көз айымына айналған «Таңшолпанның» қазір мыңдаған, мүмкін миллиондаған тұрақты көрермені бар. Әр эфирде қоңырау шалып, таңғы сауалға белсене жауап беретін адамдар да жетерлік. Соның бірі - мойынқұмдық Бекмұрат Қозыбақұлы. Қария бағдарламаны 30 жылдан бері үзбей көреді.
Бекмұрат Қозыбақұлы, «Таңшолпан» бағдарламасының тұрақты көрермені:
«Таңшолпандағы» үш сағаттық мәселенің бәрін тыңдаймын. Сұрақ, сауалдар болса , өзекті мәселелер болса, соларға ой-пікір айтамын. Сөйтіп 10:00-да бітіріп, басқа шаруаларыммен айналысамын.
30 жылда «Таңшолпанды» 70-ке жуық жүргізуші тізгіндепті. Ал бізден бөлек кадрдан тыс қаншама маман еңбек етеді. Дәл қазіргі шығармашылық топта жүргізушілерді қоспағанда 50-ден аса қызметкер бар.
Аргентина Жәнібек, Таңғы бағдарламалар дирекциясының жетекшісі:
«Таңшолпанды» көрерменнің талғамына қарай, уақыттың талғамына қарай жетілдіреміз. Өзіміздің аудиториямызға дәйім сапалы контент ұсынуды үнемі жоспарымызда қойып отырамыз.
Бүгінгі 3 сағаттың мерекелік эфирден кейін, мерейтойы қаладағы «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығынан жалғасты. Интерактив-шоуда өнер жұлдыздары ән шырқап, көрерменге түрлі форматтағы ойындар мен виктариналық сауалдары қойылды. Белсенді қатысқан тұрғындар құр алақан қайтақан жоқ.
Асылбек Данияр