Қарызы көп борышкерлердің мүлкі сатылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарызы көп борышкерлердің мүлкі сатылады

14.12.2022

Банкрот деп жарияланған борышкер 5 жыл бойы несие ала алмайды. Ал оның банк алдындағы қарызы толығымен кешіріледі. Бүгін Мәжіліс «Азаматтардың төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Борышкерді банкрот деп жариялаудың 3 түрі енгізілмек.

Бірінші рәсім - соттан тыс жүзеге асады. Оған азаматтар тиісті шарттар бойынша өтініш береді. Банктер, микроқаржылық ұйымдар мен коллекторлар алдындағы берешек 4,9 млн теңгеден аспауы тиіс. Азаматтың тұрақты кірісі жоқ немесе табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 36 018 теңгеден аз болуы шарт.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - қаржы министрі:

Егер бір жылдың ішінде төлей алмай жүрсе, мысалы 300 мың болуы мүмкін, 500 мың болуы мүмкін, оны соттан тыс банкроттыққа бере алады. Бірақ ойлану керек қой, 200 мың үшін өзін өзі банкрот деп жариялаудың қандай жақсылығы бар. Оны да ойлану керек, салдарын. Оданда керісінше мүмкіндігінше жауып, кредит алмайтындай жағдайда болу керек.

4,9 млн теңгеден асатын қарыз бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады. Бұл жағдайда борышкердің мүлкі сатылады. Түскен қаржы белгіленген кезекпен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады.

Егер жалғыз тұрғын үй кепіл болса, онда оны соттың банкроттық рәсімі кезінде алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, оны талап ете алмайды. Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.

Яғни тұрақты табыс болса, қарызды өтеу үшін сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігі қарастырылады. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушылармен бірлесіп әзірленеді, сотпен бекітіледі. Азаматтар 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіне алады.

Дарын Сағитов



Хабарламаларға жазылу