Шешім қабылдай алмайтындарға орын жоқ - Смайылов - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шешім қабылдай алмайтындарға орын жоқ - Смайылов

14.12.2022

«Шешім қабылдай алмайтын Үкімет мүшелері орнын босатуы керек». Премьер-Министр осылай деп қарамағындағыларды қатаң ескертті. Екі күн бұрын министрлер кабинетінің жұмысы Президенттің аяусыз сынына ұшыраған. «Үкіметтің осы құраммен жаңа жылға аяқ басуына бола ма?» деген сауалға Үкімет басшысы бүгін жауап берді.

Досжан Маратұлы, тілші:

Үкімет отырысында президенттің сайлауалды бағдарламасын және кеңейтілген отырыста берген тарсырмаларын іске асыру жайы қаралды.

Бірақ күн тәртібіне көшпес бұрын, Премьер-Министр «Үкіметтің осы құраммен жаңа жылға аяқ басуына бола ма?» деген Президенттің сұрағына жауап берді. Ол Премьер ретінде тапсырмаларды орындау үшін бар күш-жігерімді саламын және жауапкершілік алуға дайынмын деді. Қоластындағылардан да соны талап етті.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Біздің жұмысымыздың нәтижесін қазақстандықтар сезінуі керек. Талап өте жоғары. Ал «қолымнан келмейді, шешім қабылдай алмаймын» деген әріптестеріміз қазірден орнын босатсын. Орындарыңызға басқа адамдар келеді. Халыққа шын жаны ашитын, мойнына жауапкершілік алып, батыл шешім қабылдайтын адамдармен ғана жұмысты жалғастырамыз. Сонда көздеген мақсатқа жетуге болады.

Әр министр өз саласы бойынша жүктелген міндеттер мен оларды орындау үшін не істелетінін қысқаша баяндап берді. Президент инфляцияның шарықтап, қымбатшылықтың қысып жатқанын айтқан болатын.

Сол үшін Үкімет бір айда инфляцияға қарсы шараларды қайта қарамақ. Ал жұрттың табысын арттырып, жұмыспен қамту үшін бизнеске қолдау артады. Ал ауылдық жерлерді дамыту үшін ауқымды тұжырымдама әзірленбек.

Досжан Маратұлы, тілші:

«Қысқасы міндет көп. Мақсат айқын. Тапсырмалардың орындалуын премьердің өзі қатаң бақылайтынын ескертті. Ал шаруаны мандыта алмағандар орындарынан айырылады»,- деді Смайылов.


Хабарламаларға жазылу