Стамбұлда «Дала дауысы» халықаралық көрмесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Стамбұлда «Дала дауысы» халықаралық көрмесі өтті

14.12.2022

Абай мен Құрманғазы, Жамбыл мен Нұрғиса Тілендиевтің домбыралары түркиялықтарға таныстырылды. Стамбұлда Алматы музейлер бірлестігінің «Дала дауысы» халықаралық көрмесі өтті.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында тұрғындардың назарына Ықылас атындағы музыкалық аспаптар музейінің қорындағы құнды жәдігерлер ұсынылды. Түркия жұрты қазақтың көне музыкалық аспаптарын қызығушылықпен тамашалап, олардың тарихы туралы сұрақтарына жауап алды.

Көрме Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына орай еліміздің Стамбұлдағы Бас консулдығының қолдауымен ұйымдастырылды.

Ләззат Сағындықова, Алматы қалалық музейлер бірлестігінің директоры:

Көрменің негізгі мақсаты түбі бір түркі халықтарының музыкалық мәдениетін таныту, насихаттау. Түркия жұртшылығы біздің Стамбұл қаласында ұйымдастырып отырған көрмемізге өте қызығушылық танытып отыр. Ұлттық аспаптар бұл Ықылас атындағы музыкалық аспаптар музейінің қорында сақталған бірегей аспаптар.

Асуман Айдоғмуш, Стамбұл қаласы Бақыркөй аудандық театр департаментінің директоры:

Бүгінгі көрме тамаша өтті. Біздің мәдениетіміз бір, тарихымыз бір. Сондықтан дәл осындай көрменің біздің ауданда өткізіліп отырғанына өте қуаныштымын. Бір байқағаным ұлттық музыка аспаптарымыз өте ұқсас екен. Бұл да болса біздің бауырлас халық екеніміздің белгісі деп білемін.

Айдос Әшім

Хабарламаларға жазылу