Сарапшылар: Сапасыз салынған нысан үшін тендерді ұйымдастырушылар жазалануы керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарапшылар: Сапасыз салынған нысан үшін тендерді ұйымдастырушылар жазалануы керек

13.12.2022

Сапасыз салынған нысан үшін тендерді ұйымдастырушылар да жазалануы керек. Сарапшылар құрылыс талапқа сай жүруі үшін заңға осындай тетік енгізуді ұсынып отыр. Алайда, министрлік өкілдері сарапшылардың пікірімен келіспейді. 

Ақ қар, көк мұзда салынып, қабырғасы қақырап кеткен үй қаншама. Мердігерлер межелі кезең жақындағанда жанталасып, нысанды асығыс аяқтағанның кесірінен көп мекемеде кінәрат көп. Ал құрылысшылардың өзі бұған қаржының дұрыс бөлінбеуі себеп дейді.

Виктор Микруков, Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті:
Қаржының уақытылы бөлінбеуі құрылысшылар көтеріп жүрген басты мәселе. Қолданыстағы заңнама бойынша қаражат жобаның жүзеге асырылу кезеңдеріне сай бөлінуі керек. Бірақ бұл норма сақтала бермейді. Соның кесірінен жұмыс та уақытылы аяқталмайды.

Құрылысшылар қажет қаражат бекітілген уақытта автоматты түрде мердігердің шотына аударылуы керек дейді. Сонда нысандар дер кезінде дайын болады-мыс. Ал жауапты министрлік өкілдері қаржының кешігуі жаппай етек жаймағанын айтады. Олардың пікірінше, бұл бюджет әкімшісінің заң талаптарын қаншалықты сақтайтынына байланысты.

Мұрат Әділханов, Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік секторының сатып алу заңнамасы департаментінің директоры:
Республикадағы бөлінетін бюджет бойынша, нысандар бойынша ондай проблема жоқ. Ол көбіне осы жергілікті әкімдіктерде бар. Ақшасы болмаса да аз ақшамен сатып алуды жариялап, ары қарай келесі жылға ақша қарастырады.

Ал аймақтағы мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылар құрылыстың кешігуіне процестің ұзақ жүруін кінәлайды. Оның үстіне өңірлерде мердігер аз болуы да байқаудың уақытылы өтуіне кедергі келтіреді. Кесірінен кейде бір тендерді бірнеше рет жариялайтын кездер болады дейді олар. Сондықтан жаңа заңда осы мәселелер ескерілгенін қалайды.

Салтанат Ілиясова, Ақтөбе облысы Мемлекеттік сатып алу басқармасының маманы:
Барлық деңгейде конкурстық рәсімдер ұзартылуына байланысты. Екінші мәселе сапасы кетіп қалды. Жеткізілген тауарлардың, атқарылған жұмыстардың. Жауапкершілік жоқ. Осындай кідірістер бар. Солардың барлығы жойылады деп ойлаймын.

Ал сарапшы Дидар Смағұлов бұл басқармалардың жауапкершілігін күшейту керегін айтады. Себебі қазір сапасыз құрылыс үшін басқалар жазаланып келеді.

Дидар Смағұлов, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры:
Мектеп, аурухана ауылда болғандықтан, ауылда қабылдайды оны. Сосын ол әкімнің жауапкершілігі болады. Немесе мектеп директорының жауапкершілігі болады. Ал барлығын ұйымдастырған басқарма басшысының ешқандай жауапкершілігі болмайды. Ол мүмкін пара алды ма? Откат алды ма? 
Серік Селеубайұлы, тілші:
Құрылыстың бір күн тоқтауы бюджетке 6 миллион теңге шығын келтіреді. Бұдан бөлек қажетті материалдардың қымбаттауы мен инфляция бар. Осылайша бюджеттің қыруар қаржысы зая кетуде. Сондықтан мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заңға артылған үміт көп.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу