«Қазақстандағы ұлтаралық татулық пен толеранттылық ел дамуының басты кепілі». Еуропаның салмақты саясаткерлері қазақ елінің Тәуелсіздік жылдары жүріп өткен жолын саралауда. Елдегі ахуалды сырттан бақылап отыратын сыншылар аз уақытта азулы елдер санасатын дәрежеге жеткен Қазақстанның дамуына жоғары баға беруде.
Швецияның қоғам қайраткері, дипломат Рольф Экеус Қазақстанның 31 жыл ішінде бастан кешкен қиындығын, жеткен жетістігін бес саусағындай біледі. Қазақ азат атанып, ядролық қарудан бас тартқанда қолдау көрсетіп, өзі де жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселесімен 20 жыл айналысты.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары ретінде Астанаға бірнеше рет сапарлаған ол Қазақстандағы ұлтаралық татулыққа тәнті. Дипломат қазақ елінің жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін де жоғары бағалап отыр.
Рольф Экеус, швед дипломаты, саясаткер:
Қазақстан төмен байытылған уран банкін құру арқылы-әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосты. Әрі уранды бомба жасауға пайдаланатын лаңкестік топтардың әрекетіне тосқауыл қойып, уранды тек бейбіт мақсатта пайдалануға кепілдік беріп отыр. Дипломат ретінде, Қазақстанның Сириядағы ахуалды бейбіт мақсатта шешу үшін Астана алаңын ұсынып, тараптарды бір үстелдің басына жинауын үлкен жетістік деп айтар едім.
Қазақстанның басты жетістіктерін жарияға жар салып жүргендердің бірі-Альбер Фишлер. Француз ғалымы Қазақстанға 20 рет барып, қазақтың мәдениетін, әдебиетін, тарихын зерттеп, кітап жазды.
Альбер Фишлер, Францияның қоғам қайраткері, академиялық пальма орденінің иегері:
Қазақстан–Еуропа мен Азияның арасындағы көпір. Өз тарихын, мәдениетін жаңғыртып, халықаралық саясатқа белсене араласып отыр. Биліктің жастардың шетелде білім алуына, жалпы адам капиталына басымдық беруі-көрегенділік.
Сарапшылар қазақ елін жаһандық қауіпсіздіктің алтын белдеуіне балайды. Талай тар жол, тайғақты кешсе де, табандылық танытып, қиындыққа мойымай, алға адымдаған елдің болашағынан зор үміт күтеді.
Нұрсұлу Қасым