Елдің оңтүстіктік өңірлерінен солтүстікке және шығысқа қоныс аударған кейбір отбасылар кері көшіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдің оңтүстіктік өңірлерінен солтүстікке және шығысқа қоныс аударған кейбір отбасылар кері көшіп жатыр

12.12.2022

Елдің оңтүстіктік өңірлерінен солтүстікке және шығысқа қоныс аударған кейбір отбасылар кері көшіп жатыр. Себебі жергілікті атқарушы органдар дәл осы мемлекеттік бағдарламаны дұрыс орындамай, әуре-сарсаңға салады. Екіншіден, бір рет берілетін қаржы да мардымсыз. Сондықтан бағдарламаның көші-қонға қатысты тармағына өзгеріс енгізу керек дейді көпшілік.

Нұрила Мақымқызының қолынан ұлттық қолөнердің бәрі келеді. Көрпе көктеп, қыздың жасауын дайындайды. Жас отбасы Алматы облысынан 2018-жылы «Еңбек» бағдарламасымен Көкпекті ауылына көшіп келген. Әуелі мемлекеттен берілген қолдау қаржығы өздері де ақша қосып баспана алды. Ал былтыр 580 мың теңге грантқа ие болып, тігін машинкасын сатып алды. Нәтижесінде биыл шағын цех ашты.

Нұрила Мақымқызы, Көкпекті ауылының тұрғыны:

Келгенде басында қиын болды. Енді ақырындап үйрендік. Қайда барсаң екі қолға бір еңбек қой. Үш балам бар. Енді жолдасым мал тасиды. Жанымда көмекшім бар.

Ләйлә Уалшаева Ұлан ауданындағы балалар шығармашылық үйінің директоры. 2020-жылға дейін Қызылорда облысы Бала би ауылында мұғалім болған. Ол да «Еңбек» бағдарламасы арқылы шығысқа қоныс аударған.

Ләйлә Уалшаева, Балалар шығармашылығы үйінің директоры:

Ол жерде жұмыс тапшы. Халық көп қой. Өте көп.Бала-шағалы. Отбасы көп. Ал егер осы жерге келсе, осы жерде жұмыс орындары көп бос тұр. Жұмыс орны бос болып соған адам іздеп жатқан мекемелер өте көп. Жастар келу керек негізінде.

30 жылдан аса өтілі бар қос ұстаз бірден жұмысқа орналасқан. Отағасы да ауданға жақын ауылдардың біріндегі мектепте тарих пәнінен сабақ береді. Дегенмен ұстаздардың мемлекеттік бағдарламаға өз ұсынысы бар.

Шәки Уалшаев, Қасым Қайсенов кентінің тұрғыны:

Жас отбасы келетін болса, ақшасы аздау. Біз келіншегім, өзім, баламыз үшеуміз келдік. 600 мың ақша берді. Сол ақшаны көтерсе, ең болмағанда пәтер берсе, кез келген жас отбасы оңтүстіктен келіп, ары қарай алып кетуіне болады.

Бағдарлама бойынша көшіп келген отбасыға жолақысы және бір жылға дейін пәтерақы төленеді. Әр адамға жас ерекшелігіне қарай бір реттік жәрдемақы беріледі. Биыл шығысқа оңтүсік өңірлерден 272 адам келген. Алайда осы жылы Алматы облысынан келген 4 отбасы қайтадан кері көшіп кетті.

Альмира Мусинова, Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:

Ең бірінші себеп ауа райының қолайсыздығы. Екінші себеп көшіп келген кезде туысқандарымыз артымыздан келу керек болатын. Туысқандарымыз келмегендіктен оларға жақынырақ болайық дедік. Жалпы көшіп келген адамдарға былтырғы жылы 122 миллион теңге көлемінде толық субсидия төленді.

Шығыстағы ауылдарда қазір дәрігер мен мұғалім жетіспейді. Ал қаладағы кәсіпорындарда техника мамандары мен жүк көліктеріне жүргізушілері тапшы. Сондықтан келер жылы өңірге тағы 200-ден аса отбасын көшіріп алу жоспарда тұр.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу