Соңғы жылдары жеке сот орындаушыларының жұмысына шағым көбейіп кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Соңғы жылдары жеке сот орындаушыларының жұмысына шағым көбейіп кетті

11.12.2022

Соңғы жылдары жеке сот орындаушыларының жұмысына шағым көбейіп кетті. Сот орындаушысы жалғыз басты ананың ақшасын алып қойыпты, біреуді жалғыз баспанасынан күштеп шығарыпты деген оқиғаларды жиі естиміз. Өткен жылдың күзінде Алматының «Ақбұлақ» ауданында 5 адамның өмірі қиылған қанды оқиғадан кейін сот орындаушыларының жұмысын реттеу мәселесі парламентте көтерілген еді. Бірақ, одан кейін де шешілмеген сияқты.

Өйткені бір апта бұрын ғана бас прокуратура елді елең еткізер мәлімет жариялады. Құзырлы орган жеке сот орындаушыларының борышкерлерден 1 жылда 1 миллиард теңге жымқырғанын хабарлады. Алматы қаласы, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында ақша ұрлауға қатысты 660 факті анықталғанын айтты. Алайда жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы «Апта» тілшісіне берген сұхбатында прокуратураның бұл мәліметтері жалған,-деді. Екі тараптың да мәлімдемелерін сюжеттен көресіздер.

Ал заңгерлер болса, жеке сот орындаушыларының құқығын қайта қарау қажет, олардың жауапкершілігін күшейту керек,-дейді. Заңда борышкердің құқығын шектейтін нормалар да бар көрінеді. Аманкелді Сейтханның материалы.

Саяжан Мұқанова жалғызбасты ана. Кәмелетке толмаған үш баласы бар. Ол шағын қаржы ұйымынан 30 мың теңге несие алып, төлей алмаған. Қаржы ұйымы қарызды қайтаруды жеке сот орындаушысына тапсырған. Ал, сот орындаушы маған ескертпестен «Қазпошта» арқылы мемлекеттен көмекке берілетін ақшамды алып қойды, - дейді.

Саяжан Мұқанова, Жетісу облысының тұрғыны:

Жетісу облысының жеке сот орындаушысы Беделбек Жақсылық Биғалиұлы тамыз, қыркүйек айының балаларға арналған атаулы әлеуметтік көмекті алып алған. Мен ол кісіге звондап жағдайымды айттым, ол кісі тұрып қайда барсаң онда бар мен өзім аламын деп алып алған.

Заң бойынша атаулы әлеуметтік көмек алатын шотты жабуға болмайды. Сондықтан, неге бұлай істегенін білмек болып сот орындаушысына бірнеше рет хабарластық. Бірақ, жауап бермеді. Ал, жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы қаржы ұйымы борышкер шотының арнайы мақсаты бар екенін сот орындаушыға ескертпеген. Сондықтан, Жақсылық Биғалиұлы заң бұзбаған,-деді.

Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының өкілі:

Сот орындаушы ол арнайы шот екенін білдіретін онда анықтама болмаған. Сот орындаушы ақшаны тамызда шешіп алған. Ал қыркүйекте ол жерде АСП болған дейді. Ал ол кісі егер де бұл кісі тамызда солай айтса, сот орындаушы ақшаны шешіп, өндіріп алушыға жібермеу керек еді.

Осылайша, бұл жерде борышкердің өзі кінәлі болды. Бірақ, біз әлеуметтік желіге «Сот орындаушыларына шағымдарыңыз бар ма?» деп жазба қалдырғанбыз. Осы жазбаға 36 адам пікір жазса, соның 34-і сот орындаушыларына наразы:

Дархан Құттыбай:

Солардың қызметін реттеу керек, кредит төлей алмай жүргенде, олардың қызмет ақысын қалай төлейміз?! Бұлар неше түрлі істейді!

Ержан Алданазаров:

Жұрт несиесін төлей алмай жүргенде, сот орындаушыға тағы шығындалады.

Бауыржан Сегізбаев:

Қызмет көрсету қымбат. Бір минутта бітіретін жұмыстарына жүз мыңға жуық ақы сұрайды! Төлемесең, қайтадан блокқа жібере салады.

Жеке сот орындаушыларының іс-әрекетіне қатысты шағымдар көп екенін әкімшілік соттың судьясы да растады.

Айбек Амангелдин, Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы:

Бір жыл ішінде 27 мың 629 талап түскен. Сот орындаушылардың әрекеттерін даулау жөніндегі санаттағы істер 9 140 іс түскен екен. Жалпы санаттағы үлесі 33 пайызды құрайды. Яғни, ең көп жеке сот орындаушыларының әрекеттері мен шешімдерін даулау.

Осы 9 мың істің 3 мыңға жуығы бойынша шешім шығып, соның 45 пайызында сот орындаушыларының кінәсі анықталған. Елдің арызы жиілеп кеткесін бас прокуратура салаға тексеріс жасап, сот орындаушыларының 1 жылда 1 миллиард теңге жымқырғанын анықтапты.

Қайрат Раисов, Бас прокурордың аға көмекшісі:

Мәселен, Елордалық жеке сот орындаушысы алимент бойынша жоқ қарызды әдейі анықтап, 289 млн теңгені жеке тұлғаның банктегі шотынан шешіп алған. Ол ақшаны Астана қаласы сот актілерін орындау департаментінің бұрынғы бастығына аударған. Ал, Алматыда жеке сот орындаушы бір жыл бойы борышкерлердің қаражаты есебінен өзінің банктегі депозитін 84 млн теңгеге 18 рет толтырған.

Прокуратура мәліметінше, Қарағандылық 7 жеке сот орындаушы борышкерлердің 110 млн теңге ақшасын жеке қажеттіліктеріне жұмсаса, Алматылық жеке сот орындаушы «Жанұя» балалар үйінің кәмелетке толмаған тәрбиеленушісіне арналған 400 мың теңгені өз қажетіне жаратқан.

Осыған ұқсас 660 факті анықталған. Бірақ, жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы бұл мәліметтің көбі жалған,-деді.

Айдос Иманбаев, Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының басшысы:

660 фактінің 2-ғана дәлелденген. Прокуратура қызметкерлері тексергенде олар көбінесе істі қарамай тек қана сот орындаушыларының банктік шоттарының үзіндісін қараған, сонымен шектелген. Мысалы, сот орындаушының шотынан көрді, ақша шешілген болатын. Бірақ, біз тексергеннен кейін сот орындаушы оны шешіп, өндіріп алушының қолына берген.

Прокуратураға хат жолдап, анығын сұрадық. Әзірге жауап бермеді. Ал, заңгер Әлімжан Жұбатқанов сот орындаушыларына түсетін шағымның көбі айыппұлдарға қатысты. Осы тұста мемлекеттік органдардың да кінәсі,-бар дейді.

Әлімжан Жұбатқанов, заңгер:

Ішкі істер органдары бар, салық органдары бар олар борышкерлерге берешек хабарлама жіберу керек олар, сот орындаушыға жібермей тұрып. Ал, оны жасамайды олар. Бірден сот орындаушыға жібереді. Сот орындаушы орындай береді. Өйткені, ол сонымен тіршілік жасап отқан адам ғой, соның үстінен 25 пайыз көреді олар.

Заңгер сот орындаушысы осы арқылы пайда тауып отырғандықтан оларға талапты күшейту керек. Мәселен, шотты бұғаттамас бұрын борышкерге қарыз туралы хабарлама жіберіп және оны көргенін анықтауды міндеттеу керек деген пікірде.

Әлімжан Жұбатқанов, заңгер:

Бұрын сот орындаушылар қалай болды. Бұрын ондай болған жоқ счет деген. Оны іздейді сот орындаушысы, ол қайда тұрады, солай еңбек етіп тауып барып, қолын хабарлама беріп, төлеңіз деп сөйтетін еді. Қазір көбісі ешқайда барып сандалмайды, кабинетте отырып бұғаттай береді.

Былтыр Алматыда болған қайғылы оқиға кезінде борышкердің үйін сот орындаушыларының тым арзанға сатқаны айтылған. Содан кейін мүлікті сату жүйесіне өзгеріс еніпті.

Айдос Иманбаев, жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының басшысы:

Бұрын мүліктің сатылу бағасы 50 пайызға түсетін мүмкіншілік болған. Қазіргі таңда 75 пайыздан төмен түсе алмайды.

Үйдің құны төмендетуге тиым салынса да, одан пайда аз, өйткені, оны сатуға берілетін уақыт шектеулі, - дейді заңгер.

Әлімжан Жұбатқанов, заңгер:

Қазір 3 айға дейін беріп қойыпты борышкерге, 3 айға дейін сатсын деген. Сосын сот орындаушының заңы бар. 2 ай, атқару уақыты 2 ай беріледі оларға. 2 айда сот орындаушы үлгермейді, борышкер 3 айда сатып үлгермейді. 3 ай деген аз мерзім, біз адам құқығын шектеп жатырмыз да. Еуропа елдерінде 5 жыл мерзім береді ондайда.

Демек, жеке сот орындаушыларының жұмысына қатысты заңды әлі де қарау қажет сынды. Тағы бір мәселе, бір рет лицензиясынан айырылған сот орындаушысы 3 жылдан кейін қайтадан лицензия ала алады. Мәселен, прокуратура мәліметінше, биыл 9 жеке сот орындаушы лицензиясынан айырылған. Бірақ, олар 3 жылдан соң қайтадан іске кірісуі мүмкін.

Амангелді Сейтхан



Хабарламаларға жазылу