ЕЭО-дағы инфляция деңгейі қазан айында 11%-дан асып кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ЕЭО-дағы инфляция деңгейі қазан айында 11%-дан асып кеткен

11.12.2022

Ресейге салынған санкция Еуразиялық Экономикалық Одаққа кіретін мемлекеттерге де әсер етіп жатқаны белгілі. Мәселен, Одақтағы инфляция деңгейі қазан айында 11 пайыздан асып кеткен. Әлемдік ахуалдың ықпалы тағы бар.

Сондықтан Еуразиялық экономикалық одақтың осы аптада өткен саммитінде Қазақстан Президенті санкциялық шектеулердің әсерін жеңілдету жолдарына басымдық берді. Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО аумағы арқылы тауарлардың еркін тасымалдануын қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды. Қазақстан Президентінің айтуынша, интеграциялық серіктестіктің тиімділігі «төрт еркіндік» қағидатын сақтауға тікелей байланысты. «Оның бірі – тауар қозғалысының еркіндігі. Жүктердің қозғалысын шектейтін кедергілерді жойып, процестерді жеңілдету үшін цифрландыру жүйесін дамытқан жөн», - деді Тоқаев мырза.

Ал одақты дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеу кезінде ұлттық үкіметтердің құқықтарын шектемеуге үндеді. Бішкекте өткен саммитте көтерілген негізгі тақырыптар Асима Нұрбайқызының материалында.

Қордай - қазақ-қырғыз үшін ғана емес, бестік үшін маңызды бекет. Бірақ, одаққа ортақ талаптар ескеріле бермейді деп налиды бизнес өкілдері. Кәсіпкерлер жөн-жосықсыз тексеріс көп дегенді жиі айтып жүр.

Кедендегі кедергіден бөлек, контрабанда, заңсыз тасымал әлі бар. Қырғызстандық сарапшы Эльдар Абакиров бес ел міндеттемелердің бәрін орындап отырған жоқ дейді. Ашықтық аз. Бақылау жетіспейді. Мұның барлығын жою қажет. Сонда ғана көліктік логистикадағы мәселелер шешіледі деген ой айтты.

Эльдар Абакиров, Қырғыз Республикасының экономика министрінің бұрынғы орынбасары:

Құжатта жазылған экономикалық келісімдердің көбі іске асып жатқан жоқ. Одақ ішінде бұрыннан бар мәселелер әлі сол күйі қалып отыр. Олар тез арада шешілуі керек. Мәселен Бішкектен 10 шақырым жерде Қазақстанмен шекара бекеті бар. Ол жерде үнемі кезек. Екіншіден қаржы және банк қызметінің еркін айналымында кедергі көп. Үшіншіден Еуразиялық даму банкі де қағаз жүзінде жұмыс істеп тұр.

Оның үстіне Одаққа мүше Ресей биыл санкция астында қалды. Геосаяси ахуалдың ушығуынан тасымалда іркіліс көбейді. Мұндай жағдайда интеграцияның маңыздылығы арта түсті. Қырғыз Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Алмазбек Ақматалиевтың байламы осыған саяды.

Алмазбек Ақматалиев, Қырғыз Республикасы президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ректоры:

Одақтың драйвері саналатын Қазақстан мен Ресейдің мүмкіндігі өте жоғары. Менің ойымша осы екі ел халықаралық аренада ықпалды ел екенін көрсетуге тиіс. Бізде өндірілетін өнім көп. Мәселен кейбір тауар түрлерінің 90 проценті Қазақстан мен Ресейдің үлесінде. Осыны пайдалануға болады. Қазір ынтымақтастықты арттыру бәрімізге керек. Ал санкциялар бұған дейін де болған, бола береді. Осы кезде батыл шешімдер қабылдап, сенім мен достық негізінде сауда жасауға бейімделуге тиіспіз. Кез келген нарыққа шыға алатындай жылдам ойыншыға айналуымыз керек.

Одаққа мүше елдер басшылары бұл проблемаларды біледі. Сондықтан, саммитке төрткөзі түгел жиналды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жүк қозғалысын шектейтін барлық кедергіні жою керегін айтты. Бұл интеграцияның әлеуетін шектейтін фактор деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жүк тасымалын қадағалау үшін навигациялық пломбыларды қолдану туралы келісімнің күшіне енуін жеделдету қажет деп санаймыз. Бұл шара цифрландырудың интеграциялық процестерге оң әсер ететініне жақсы мысал болар еді. Аталған келісімде қарастырылған мемлекеттік бақылау шараларын оңтайландыру кәсіпкерлік және көлік-транзиттік әлеуетті едәуір арттырады. Келісімді жедел ратификациялау осы мәселені шешуге ықпал етеді деп ойлаймын.

Ол үшін цифрлық салаға серпіліс керек. Бұл бағытта Мемлекет басшысы Қазақстан тәжірибесіне сүйенуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Одақтың цифрлық күн тәртібіндегі жұмыстардың нәтижесі көрінбейді. Қазақстан бұл бағытта айтарлықтай алға жылжыды. Бүгінде біз цифрландырылған отыз мемлекеттің қатарына кіреміз. Елімізде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды форматта көрсетіледі. Криптоиндустрия дамып, цифрлық теңге енгізіліп жатыр. Осының бәрін интеграцияны дамытуға, еуразиялық ауқымдағы жобаларды жасауға пайдалануымыз керек деп есептеймін. Біз Одаққа мүше елдерді осы бағыттағы жұмысты жандандыруға шақырамыз.

Биыл одаққа 8 жыл. Құрамында бес ел. 180 млн тұтынушысы бар алып нарық. Негізгі қағидасы – елдер арасында тауар, қызмет, қаржы мен жұмыс күшінің еркін айналымы.

Сыртқы факторлардың қысымына қарамастан, сауда-саттықта өсім бар. Қазақстанның одақ елдерімен алыс-берісі 7%-ға артты. Тауар айналымы 23 млрд доллар. «Бұл санды еселеп арттыруға бес елдің де әлеуеті жетеді. Тек ортақ шешімдер керек», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Белгілі санкциялық шектеулер одаққа мүше барлық мемлекеттің экономикасына қысым жасайтынын мойындау қажет. Сондықтан елдеріміздің комиссиялары мен үкіметтері бұл мәселеге ерекше назар аударып, санкциялық шектеулердің әсерін жеңілдету жолдарын ұсынуы керек.

Еңбек миграциясы. Мәселе әлі де бар. Азаматтарды жұмысқа орналастыру рәсімдерін жеңілдету керек. Тоқаев осындай ой тастады. Тағы бір маңызды бағыт - туризм. Бестіктің әлеуеті зор. Тек бірлескен жоба аз. Президент жаңа тәсілдер қажет деді. Ал Ресей басшысы ақпараттық технологияларды енгізу жұмыстарын ширатуды ұсынды.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

Ведомствалар мен тасымалдаушылар арасында электронды құжат алмасу жүйесі болуы керек. Бұл біраз мәселені шешеді. Өйткені, жедел, автоматты түрде көліктердің қозғалысын және тауардың сапасын бақылап отыруға мүмкіндік береді.

Ал Беларусь Президенті Александр Лукашенко ұлттық валюталарда есеп айырысу және энергетика мәселелерін қарастыру қажет,-деп санайды. Өнеркәсіптік жобаларды қаржыландыру. Бұл ұзақ күткен бастама. Қырғыз басшысы сең қозғалғанын айтты. Қолдау көлемі шамамен 270 млрд доллар. Демек, көп ұзамай жаңа бастамалардың саны артуы мүмкін. Комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович бірлескен жобаларды несиелеуде субсидия қарастырылып жатқанын жеткізді. Қазір 160 жоба бар. Жалпы, бес ел басшысының қатысуымен Ала-арча сарайында осы мәселелерді реттейтін 15 құжат бекіді.

Қиындықтарға қарамастан еркін сауда айналымына 20-ға жуық ел қызығушылық білдіріп отыр. Алыс-беріс еуразиялық өңірмен шектелмейді, географиялық ауқымы өсіп жатыр. Ал көп ұзамай Біріккен Араб Әмірлігі тізімге енуі мүмкін. Еркін сауда айналымына қатысты алғашқы келіссөздер осы жиында басталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Үндістан, Мысыр, Индонезия және Израильмен еркін сауда аймағы туралы келісімдерге қатысты жұмысты жеделдеткен жөн. Бұл жөнінде бірнеше рет айттым.

Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерімен еркін сауда аймағы туралы келісім бойынша келіссөз басталғанын қолдайды. Бұл бастаманың келешегі зор әрі бүкіл «Еуразиялық бестіктің» мүддесіне сай келеді деп санаймын. Енді осы процесті созбалаңға салмау маңызды.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Сарапшылар Одаққа қатысты осыған дейін түрлі болжам жасады. Бірі бестік ыдырайды деді, бірі қатары толығады деген ойда болды. Бірақ, осы құраммен кеңес жылды жапты. 20-ға жуық ел еркін тауар айналымына қызығушылық танытқанмен, бақылаушы ел мәртебесін ешкім иеленген жоқ. Ал Қырғызстан жоғары кеңестің төрағалық міндетін аяқтады. Енді бұл миссия Ресейге жүктелді. Демек келер жылғы отырыстардың бәрі Мәскеуде өтуі тиіс. Алғашқы жиын мамырға жоспарланып отыр.

Асима Нұрбайқызы



Хабарламаларға жазылу