Ақселеу Сейдімбектің 80 жылдығына орай елордада әдеби-музыкалық кеш өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақселеу Сейдімбектің 80 жылдығына орай елордада әдеби-музыкалық кеш өтті

10.12.2022

Елордада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбектің 80 жылдығына орай «Дәурен-ай» атты әдеби-музыкалық кеш өтті. Шарада қаламгердің үзеңгілес достары оның өнері мен шығармашылығы, сондай-ақ қазақ күй өнеріне қосқан үлесі жайлы естеліктерін бөлісті.

Ақселеу Сланұлы – тұтас қазақ еліне, ұлтқа қызмет еткен қоғам қайраткері. Ол өзі сүрген санаулы ғұмырында қазақ тарихы мен шежіресін ғана жазып қоймай, қазақтың тұтас күй өнері жайлы үлкен еңбекті дүниеге әкелді. Бүгінгі еске алу кешінде қаламгердің «Сарыарқа», «Дәурен-ай» және бұрын-соңды шырқалмаған әндері орындалды.

Шәміл Әбілтай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Осы қазақ күй өнерінің өсіп-өркендеуіне өзіндік лайық үлес қосқан жан - Ақселеу Сейдімбек. Бұрын күйдің санына ешкім жетпейтін еді, ал күйден Ақаң алғашқы диссертацияы қорғаған адам. Қазақта алты мың күй бар деп, әуелі қазақтан, кейін әлемнен сүйінші сұраған адам. Ол қазақтың күйін аспанға көтеріп, ғылыми еңбек жазған адам.

Сауытбек Әбдірахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жалпы біздің халқымыздың өмірінде ерекше орын алатын, аса ірі тұлға. Менің өмірімдегі бір бақытым сол азаматпен бірге жұмыс істегенім. Жалпы барлық халыққа ерекше өнеге-өнер қалдырған адам.

Ақселеу Сейдімбектің алып бейнесі күн өткен сайын зорая түсуде. Өйткені қаламгерді жоқтаған, оның өнегелі өмірін айтқан адамдар күн өткен сайын көбейіп келеді. Біз бүгін соның бір бөлігіне куә болдық Демек, қаламды қару еткен сайыпқыран жазушы Ақселеу Сланұлының өзі де,сөзі де халқымен мәңгі жасай береді.


Ақмаржан Ғафизқызы


Хабарламаларға жазылу