«Qazpolymers-2022» форумы: Полимер өнімдерінің ішкі нарығын дамыту жайы талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qazpolymers-2022» форумы: Полимер өнімдерінің ішкі нарығын дамыту жайы талқыланды

09.12.2022

Мұнай-химия өнеркәсібіне түрең салған кәсіпкерлерге үкімет жан-жақты қолдау көрсетеді. Бұл туралы полимер өнімдерінің ішкі нарығын дамытуға арналған республикалық форумда айтылды. Атырауда ұйымдастырылған шараға отандық және ресейлік компаниялардың 100-ден астам өкілі қатысты.

«Қазмұнайгаз» ҰК-ның мұрындық болуымен алғаш рет ұйымдастырылған шарада полимер өнімдерін әртараптандыру мәселесі талқыланды. Форум аясында кәсіпкерлер Орта Азиядағы қара алтын секторында ойып тұрып орын алатын полипропилен өндіретін бірегей кешеннің жұмысымен танысты. Өткен айда ғана іске қосылған «KPI» зауыты бүгінге дейін 25 мың тонна шикізат шығарды. Жоғары сапалы тауардың алғашқы партиясы атыраулық кәсіпорынға бұйырды.

Андрей Ким, кәсіпкер:

Құрылысқа қажет материалдың 96 түрін шығарамыз. Отандық шикізаттың болуы – біз үшін өте тиімді. Бұрын полипропиленді шетелден тасыдық. Бұл біз үшін әрине артық шығын болған.

Форумға жиналғандар шикізат экспортымен ғана шектелмей, одан дайын өнім шығаруды қарқынды түрде дамыту керектігін баса айтты. Үкімет осы бағытта кәсіп бастайтындарды қолдауға дайын. Ол үшін арнайы меморандумға да қол қойылды.

Мағзұм Мырзағалиев, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

Біздің ең басты мақсатымыз Қазақстанда, біздің елімізде жаңа жұмыс орындарын құру. Шағын және орта бизнестің дамуы үшін жағдай жасау.

Екі жақты меморандумның негізгі түбірі КРІ кешенімен бітеқайнасып жатыр. Енді бизнеске ынталы өндіріс орындары полипропилен зауытымен тығыз жұмыс істейді. Себебі, бағалы шикізаттың қайнар көзі осы КРІ-да. Кәсіпорын жылына 500 мың тонна полипропилен нарыққа шығарады. Тауар әуелі ішкі нарыққа жұмсалады. Қалғаны Қытай, Түркия, Шығыс және Орталық Еуропа мен ТМД елдеріне экспортталады.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу