Жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін мемлекеттің қолдауы қажет. Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданына барған Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі өңір тұрғындарымен кездесті.
Жиында жастар ресурстық орталығы мамандарының жалақысын көтеру, олардың қызметін «Дипломмен ауылға» бағдарламасына енгізу туралы ұсыныстар айтылды.
Сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың жұмысын қолдау, теолог мамандардың мәртебесін көтеру жайы да қозғалды. Көпбалалы аналар отбасылық институтын нығайтуға қандай жағдай жасалып жатқанын сұрап білді.
Вице-министр азаматтарды жеке қабылдап, көпшіліктің көкейтесті сұрақтарына жауап берді. Аудандық газеттерді орталыққа емес, аудан әкімдігіне беру туралы ұсыныстар айтылды.
Серік Егізбаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары:
Тұрғындармен кездесіп, біздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі атқарып жатқан негізгі жұмысы бойынша есеп беріп шықтым халық алдында. Көпшілік жастардан сұрақ көп түсті. Соның ішінде жастардың әлеуметтік жағдайлары туралы. Сол жөнінде көптеген сұрақ болды. Біз келген әріптестерімізбен, соны ішінде ілесіп келген жергілікті басқарма басшыларымен соның бәріне толыққанды жауап бердік деген ойдамыз.
Ардақ Мұратқызы