Мемлекет басшысы бірқатар облыс әкімін қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы бірқатар облыс әкімін қабылдады

08.12.2022

Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы жаңадан тағайындалған облыс әкімдерін қабылдады.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Сондай-ақ инвестициялық жобалар мен жұмыспен қамту жол картасы туралы мәлімет берді. Ал Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұздағы апаттың салдарын жою бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, жылу жүйесін қалпына келтіру 15 желтоқсанға дейін аяқталады.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:

Жаңа ғана мемлекет басшысының қабылдауында болдым. Ағымдағы жағдай туралы баяндама жасадым. Әсіресе Екібастұз қаласында атқарылып жатқан істер туралы. Нақты тапсырмалар Мемлекет басшысы берді. Соны іске асыруға кірісеміз.

Бұдан кейін Мемлекет басшысының қабылдауында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов болды. Ол өңірдегі әлеуметтік-экономикалық өсім мен инвестиция тарту жөнінде баяндады. Сонымен қатар Қостанайда өтетін ХІХ өңіраралық форумға дайындықтың басталғанын жеткізді. Ал Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров өңірді дамыту жоспары мен берілген тапсырмалардың орындалуы жөнінде есеп берді.


Айдарбек Сапаров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Бүгінгі күні облыстың жағдайы тұрақты. Жұмыстар жүріп жатыр. Инвестиция мен инвесторларды облысқа шақырып жұмыс жасау керек. Экономиканы көтеру керек деп тапсырма берді. Соның бәріне жоспар құрып, жұмыс жасаймыз.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу