Елімізде бизнеске 6,5 мыңнан астам артық талап қойылып келген. Президент жауаптыларға бұл шектеулерді алып тастау бойынша жұмысты бастауды тапсырды. Сонымен қатар шағын және орта бизнесті тексеруге қатысты мараторий 2024 жылға дейін ұзарды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін марапаттау рәсіміне қатысып, кәсіпкерлікті дамыту тетіктеріне тоқталды.
Жүзден жүйрік шығу оңай емес. Нарықта кәсіп көп. Дегенмен бәсеке бар жерде сапа бар. Ұлттық брендті дамытып, ісімен көпке үлгі болғандар ғана топ жарады. Анарбек Орман басқаратын мекеме Шымкент қаласын сумен қамтып қана қоймай, экология мәселесіне басымдық берген. Мекеме жыл сайын 10 мың түп тал егеді. Суды қайта өңдеп, тіршілік нәрін үнемдеудің озық үлгісін көрсетіп жүр.
Анарбек Орман, «Су ресурстары – маркетинг» ЖШС бас директоры:
Орта Азия, Қазақстанда ең бірінші болып, мынау пайдаланылған сулардың қалдықтарынан биогаз алып, биогаздан электр энергиясын өндіріп жатырмыз. Қазіргі таңда біздің тазалау қондырғыларына кететін электр шығындарының 70 пайызын өзіміз өндіріп жатырмыз.
Былтыр өңдеу өнеркәсібінің экспорты рекордтық 20 миллиард долларға жетті. Жыл соңына дейін құны 2 триллион теңге болатын 160 жоба жүзеге асып, 17 мың жұмыс орны ашылады. Ал шағын және орта бизнес саласында бүгінде 3,5 млн адам осы салада еңбек етіп жүр. Дегенмен бюрократияның бұл салаға да әсері бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз алдағы 7 жылда кәсіпкерлік белсенділікті шектейтін барлық кедергіні жоюға күш саламыз. Мемлекет бизнесті өркендету үшін нақты шаралар қабылдай беретін болады.
Президент бизнеске қысым көрсеткен мыңнан астам шенеуніктің жауапқа тартылғанын айтты. 6 мыңдай кәсіпкер заңсыз салынған 700 млн теңге айыппұлдан босатылды. Ал өңдеушілердің отандық шикізатқа қол жеткізуі қиын. Ірі кәсіпорындар өңделген өнім өндіруден гөрі оны сыртқа тасығанды жөн көреді. Үкіметке бұл мәселені зерделеу тапсырылды. Ал агро салаға қолдау көбейе бермек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Фермерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету міндетті түрде жалғасын табады. Осы жылдан бастап ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен лизингке алу үшін берілетін қаржының көлемі 40 миллиард теңгеге көбейді. Соның арқасында диқандарымыз бір мыңнан астам қосымша техника алу мүмкіндігіне ие болды. 2023 жылдан бастап көкөніс өнімдерін шығару үшін фермерлерге алдын ала, яғни форвардтық несие беру бағдарламасы іске қосылады. Осы мақсатқа шамамен 100 миллиард теңге қаржы бөлінеді.
Қазір ғылым мен білімге негізделген өндірісті дамыту маңызды. Әсіресе денсаулық сақтау саласында. Антиген ғылыми-өндірістік кәсіпорны Орталық Азиядағы медициналық және ветеринариялық препараттарды өндіру бойынша жетекші мекеме.
Нұрлан Ахметсадықов «Antigen» ғылыми-өндірістік кәсіпорнының бас директоры:
Мал шаруашылығында кездесетін 16 ауруға вакцина өндіре аламыз. Және 24 диагностикалық тест өндіре аламыз. Бұл негізінен аса қауіпті аурулар.+00:36 Мемлекеттік марапаттау бізге күш береді болашақта.
Жалпы «Алтын сапа» байқауы 2006 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Осы жылдар ішінде оған 2 мыңнан астам кәсіпорын қатысты. Биыл тағы 14 бизнес өкілі үздік деп танылды. Ал Парыз байқауының жүлдегерлері бір жыл ішінде қайырымдылыққа 36 млрд бөлген. Нәтижесінде 5 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.
Шерхан Жамбылұлы