Премьер-министр Әлихан Смайылов Павлодарға арнайы барып, облыстың жаңа басшысын таныстырды. Алдымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жиыны өтті. Президенттің әкімдік лауазымға Асайын Байханов пен Серік Батырғожиновтың кандидатураларын қарауға енгізу туралы хатын Үкімет басшысы оқып берді. Ашық дауыс беру кезінде 177 депутаттың 135-і Байхановқа, қалған 42 депутат Батырғожиновқа дауыс берді. Әлихан Смайылов әкімнің алдында тұрған басым міндеттердің бірі - инфрақұрылымды жаңарту екенін атап өтті.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Қазір жылыту маусымы жүріп жатыр. Өкінішке қарай, Екібастұз қаласының жылу желілерінде апат болып, тұрғындар жылусыз қалған еді. Жан аямай жұмыс істеген мамандардың арқасында жылу беру қалпына келтірілді. Қазіргі кезде апаттың себептері анықталып жатыр, нәтижесі шыққан соң кінәлілер жауапқа тартылатын болады. Әкімдік бұл мәселені ерекше назарға алып, жылыту маусымының қалыпты жағдайда өтуін қамтамасыз етуі керек.
Сондай-ақ Мемлекет басшының жарлығымен Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысының әкімі лауазымына тағайындалды. Президент бұл қызметке Даниал Ахметов пен Ренат Құрмамбаевтың кандидатураларын қарауға енгізген.
Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 117 депутаттың 94-і Ахметовке, 23 депутат Құрмамбаевқа дауыс берді.