200 әлеуметтік маңызы бар нысан жекешелендіру тізімінен алынып тасталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

200 әлеуметтік маңызы бар нысан жекешелендіру тізімінен алынып тасталды

06.12.2022

200-дей әлеуметтік маңызы бар нысан жекешелендіру тізімінен алынып тасталды. Яғни, мемлекеттің меншігінде қалады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі айтты. Барлығы да халықтың тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды нысандар. Ал, ақпан айынан бастап жекешелендіру тізбесін кеңейту үшін активтерді іріктеу критерийлері өзгереді. 

Мемлекет меншігінде қалған нысандар қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, сапасын арттыруға мүмкіндік береді. «Алдағы уақытта мұндай объектілерді жекешелендіру мәселесі тек инвесторлар тарапынан арнайы шарттармен келіскен жағдайда ғана қаралуы мүмкін», - дейді министр. Оған қоса, жеке монополистердің көптеп пайда болуына жол бермеу үшін коммуналдық шаруашылықтарды жекешелендіру тәсілі қайта қаралмақ. Келесі жылдан бастап активтерді іріктеудің жаңа талаптары енгізіледі. Қандай нысан болса да, көрсетілген критерийлерге сәйкес келсе ғана жекешелендіреді.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Ол монополияға қарсы органның бәсекелестік ортаға беру жөніндегі ұсынысының болуы және монополияға қарсы орган ұсынған тауар нарығында болу мерзімінің өтуі. Жоғарыда көрсетілген критерийлер негізінде бүгінгі таңда кешенді жоспар 170-тен астам нысанды қосу арқылы өзектендірілді. Кәсіпкерлердің жекешелендіру объектісін таңдау құқығы бекітілді. Нысан жеке бастама болған жағдайда сатылуы мүмкін.

Ал, вице-премьер, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының» орындалу барысын баяндады. 7 аймақ межені орындамаған. Олар көзделген көрсеткішке сәйкес негізінде нысандарды сатуға шығарып үлгермеген. Ең төменгі көрсеткіш Маңғыстау, Ақтөбе облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қаласында және «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында. Үкімет басшысы кешенді жоспарды толық іске асыру үшін жекешелендіру процесінің ашықтығын арттыру қажет деді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Мемлекеттік органдар, өңір әкімдіктері, квазимемлекеттік сектор ұйымдары жоспарды нақты орындауы қажет. Жыл қорытындысы бойынша жұмыстарыңызға тиісті баға берілетін болады.

Қазақстан әлі де шетелдің балығын сатып алуға мәжбүр. Өйткені кәсіпорындар өндіріс жоспарын орындай алмай келеді. Биыл он айда 14 мың тоннадан астам балық өсірілген. Ал, жоспар бойынша ол 22 мың тонна болуы керек еді. Осы ретте Үкімет басшысы Экология министріне Өзбекстанның тәжірбиесін неге қолданбайтынын сұрады. Брекешевтің айтуынша, көрші елдің балықты жыл бойы өсіруіне климаттық жағдай қолайлы және табиғи су көздерінен балық аулауға тыйым салатын заң бар. Бізде де ондай заң жобасы әзірленген. Оны келесі жылы Парламентке ұсыну жоспарланып отыр.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу