Екібастұзда әлі көпқабатты 4 үйде жылу жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұзда әлі көпқабатты 4 үйде жылу жоқ

06.12.2022

Екібастұзда әлі көпқабатты 4 үйде жылу жоқ. Ал, түнде ақау шыққан желі толық жөнделіп 15 үй қайта қосылды. Кешеден бері бұл аймақта аяз көтерілгенімен жөндеу жұмыстарының қарқыны бәсеңдеген жоқ. Кеншілер мен энергетиктер шаһарына еліміздің барлық аймақтарынан жұмыс күші де, материалдық көмек те келіп жатыр.

Бүгің таң ата бұл жерде құбыр жарылып, осы маңдағы 15 үй жылудан ажыратылған. Желіні тұтас алмастыру үшін үш бригада жіберілді. Түс ауа бұл үйлердің бәріне жылу берілді. Қазір жұмысшылар құбырларды жағалай қымтап жатыр.

Бейбіт Қаратаев, жұмысшы:
Мен өзім шахтер болып істеймін. Мына 25 градус суықта біздің тоңғанымыз ештеңе етпес. Қаншама халық тоңып жатыр. Қаншама бала-шаға, отбасы бар. Осы жұмысты аяқтамай біз үйге қайтпаймыз. Осы арада жұмысты атқара береміз. Жылуды бергенше.

Апат болған күннен-ақ жағдай қиын аудандағы 12 үйдің 8-не бүгін жылу ішінара беріле бастады. Назерке Тоқанова пәтеріндегі электр жылытқышты тоқтан ажыратты. 8 күн тоқтаусыз істеді дейді.

Назерке Тоқанова, қала тұрғыны:
Бес күн үйімізде жылу болмаса да шыдап, күтіп отырғанбыз. Үйде 7 айлық баламыз, зейнеткер әжеміз бар. 5 күн отырғаннан кейін шыдауға мүмкіндік болған жоқ. Одан кейін туысымыздың үйінде 3 күн түнедік. Жылу берілген соң міне үйге оралдық. Үйімізге шырай кіріп, жылу берілді. Астанадан, Қарағандыдан келіп көмектесіп жатқан жұмысшыларға үлкен рахметімізді айтамыз.

Жөндеу бригадаларында 850-ден астам адам бар. Жұмысшылар саны көбейген соң жылыну пункттеріне келушілер саны күрт өсті. Самал Әбікеева музыка колледжінде кітапханашы. Бірақ осы қиын күндері көмек қолын созған ол әрі аспазшы, әрі даяршы болып жұмыс істеп жүр.

Самал Әбікеева, қала тұрғыны:
Біз 1 мыңға жуық адамды тамақтандырамыз. 200-ден аса жай адамдар келеді. Жұмыскерлер келеді әртүрлі. Астана, Жезқазған, Петропавлдан түнделетіп. Соларды тамақтандырамыз. Сонымен қатар таңғы 4:30 да еріктілер келеді. Соларға тамақ салып жұмыскерлерге олар таратып жүреді.

Жекеменшік секторда да 70-ке тарта жылудан ажыратылған үй бар. Жөндеу бригадалары енді сонда жіберіліп жатыр.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу