Елімізде атаулы әлеуметтік көмектің мәні өзгереді, бұл қаржы отбасыны немесе азаматты қиын жағдайдан шығару құралы ретінде қарастырылады.
Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты. Ведомство басшысы депутаттарды жаңа Әлеуметтік кодекс жобасының негізгі бағыттарымен таныстырды. Мақсат отбасылардың әл-ауқатын көтеру мен нығайтудың базалық жағдайын қалыптастыру.
Оны жүзеге асыру үшін мемлекет, бизнес және азаматтар арасында жаңа әлеуметтік келісімшарт жасау жоспарланған. Құжатты әзірлеуде халықаралық тәжірибе ескерілді. Еуропалық Одақтың Әлеуметтік кодексі басшылыққа алынды. Құжат жобасы 5 бөлімнен, 19 тарау мен 267 баптан тұрады. Ең басты өзгерістердің бірі – енді Отбасының цифрлық картасы болады. Ол мемлекеттік органдардың қолданыстағы ақпараттық жүйедегі деректері негізінде қалыптастырылады», - деді министр.