Қостанай облысында көпқабатты үйлердің тұрғындары пәтерінде пеш жағып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында көпқабатты үйлердің тұрғындары пәтерінде пеш жағып отыр

01.12.2022

Қостанай облысы Боровской кентінде көпқабатты үйлердің тұрғындары пәтерінде пеш жағып отыр. Себебі жылу мардымсыз. Жұрт мұндай жағдайдың ұзақ жылдан бері жалғасып келе жатқанын айтады. Яғни, қыс түссе пәтерлер жылымайды. Суық үйде жаураған тұрғындардың жағдайын тілшіміз көзбен көріп қайтты .

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Орталық желінің жылуы мардымсыз болғандықтан тұрғындар пәтерлеріне мынадай пеш салып алған. Оның сыртында әр бөлмеде электр жылытқыштары тұр. Соның өзіне де ауа температурасы 15 градустан аспайды.

Меңдіқара ауданының орталығында тұратын Роза Шлегель жылу ақысынан бөлек осылай отын сатып алуға мәжбүр. Ағаштың әр текшеметрі 6-8 мың теңге аралығында. Бұл үйде тұрып жатқанына 6 жыл болған кейуана осы жылдарда қыс түссе бойым бір жылып көрген жоқ», дейді.

Роза Шлегель, Боровской кентінің тұрғыны:

Міне, 15 градусты көрсетіп тұр. Жылу құбырына сорғы қойғыздым. Жылда оны алып таста деп ескерту жасайды. Ал сорғысыз мүлде 10 градусқа төмендеп кетеді. Жылуға, электр қуаты мен отынға қыруар қаржы жұмсаймыз. Нәтиже жоқ.

Зейнеткер Иван Сычев қысқы маусымға 5 текшемтерге дейін отын дайындаймын дейді. Сонда ағаштың өзіне шамамен 40 мың теңге жұмсайды. Осылайша қария көпқабатты үйде тұрса да от жағып күл шығарып жүр. Суықтың салдарынан тұрғындар арасында ауру-сырқау көбейген. Әсіресе жас балалары бар отбасыларға қиын.

Атхамжан Ұлходжаев, Боровской кентінің тұрғыны:

Педиаторлар келеді. Балалардың жиі ауруының себебі үйлерің суық дейді. Тапқан айлығымздың дені дәрі-дәрмекке кетеді.

Ал әкімдіктегі жылуға жауапты мамандар тұрғындардың өзін кіналап отыр. «Пәтерін жөндемейді, сорғы қойғандықтан жылу бәріне тең бөлінбейді. Сондықтан бірінің баспанасы жылы, енді бірінікі суық» дейді. Әйтсе де көмірдің сапасыздығын, жылу желісінің әбден ескіргенін де жоққа шығармайды.

Николай Гулаков, Меңдіқара ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы:

Жылу желісі 90-95 пайызға дейін тозған. Қазандықтарды түгел жаңарту керек. Жобалық сметалық құжат дайындап, бюджетке сұраным жіберуге қам жасап жатырмыз. Бұл біраз уақыт алатын шаруа.

Боровской кентінде барлығы 7 жылу қазандығы бар. Олардың бәрі 70-80-і жылдары салынған. Соның біреуін жаңартуға шамамен 500 млн теңге қажет. Яғни пәтерлерге жылуды тиісті мөлшерде беру мәселесінің жуық арада шешілетін түрі байқалмайды.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу