Екібастұзда апатқа себеп болған негізгі ақау жөнделді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұзда апатқа себеп болған негізгі ақау жөнделді

01.12.2022

Бүгіннен бастап Екібастұздағы жедел штабтың жұмысын Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр басқарады. Қазір қаладағы 17 тұрғын үйде жылу жоқ. Апатқа себеп болған негізгі ақау жөнделгенімен, орталық магистральден үйлерге жылу жеткізетін желі бірнеше жерден жарылып жатыр. 

Екібастұз жылу энергия орталығы қазір штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Апаттан кейін Ұлттық арнаның түсіру тобына ғана қазандық турбина цехына кіру үшін арнайы рұқсат берді.

Станциядағы турбина да тұрақты жұмыс істеп тұр. Сағатына 12 мегават электр қуатын өндіреді. Бұл кәсіпорынның кедергісіз жұмыс істеуіне жеткілікті. Осы күндері стратегиялық нысанның іркіліссіз жұмыс істеуін қадағалау үшін диспечерлік орталыққа тәжірибелі мамандар тартылған. Олар күні- түні екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр.

Вадим Лесин, «ПавлодарЭнерго» ЖШС директорының міндетін атқарушы:
Орталықтан жылу 93 градус ыстық күйінде шығып, қайтқанда 57 градус болып келеді. 6-шы қазандықта 35 атмосфера, температура 435, будың шығыны сағатына 75 тонна. Бұл өлшемдер станция жұмысында ауытқушылық жоғының айғағы.

Жылудан ажыратылған үйлер кеше түннен бері желіге қайта қосылды. Бірнеше күннен бері баспаналары суып, әбігерге түскен тұрғындардың көңілі енді жайланғандай.

Серікболат Мажинов, қала тұрғыны:
Басқа жерге қонуға бардым. Үйдегі радиаторды қымтап, маталармен қымтап жауып кеткем, жарылып кетпесін деп. Қазір соны қарап келе жатырмын. Жылу беріпті. Радиатор қазір жылы .Б. Момышұлы 66 үйде.

Бірақ қуануға әлі ерте. Себебі, кейбір аумақтарда құбырлар қатып қалған.

Қазандықтардың тоқтауына себепші болған негізгі ақау жөнделіп, жұмыс бригадалары басқа нысандарға жіберілді. Бірақ апат зақымы тиген аумақтар тым ауқымды. 250 адам үлгермей жатыр.

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
Облыстың қалаларындағы өндірістік кәсіпорындарды мобилизациялаймыз. Жағдай одан әрі ушықпау үшін қажетті материалдарды әкеліп, жөндеуді жылдамдату керек.

Кеншілер қаласының тұрғындарына күн райы да қарайласа бастады. Апат болғалы бүгін бесінші күн. Аяз сынды.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу