Президент жарлығы бойынша облыс әкімдері тағайындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент жарлығы бойынша облыс әкімдері тағайындалды

01.12.2022

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов қызметінен босатылды. Арнайы Жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойды. Сонымен бірге тағы бірқатар өңірдің басшысы ауысты. Кейбірі қазіргі қызметінде қалды. Рет-ретімен келесі бейнематериалда.

Гео: Солтүстік Қазақстан

Екі жыл бұрын өңірге әкім болып сайланған Әбілқайыр Сқақовтың орнына уақытша міндетін атқарушы болып Олег Крук тағайындалды. Бұған дейін ол облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Солтүстік Қазақстан облысына да жаңа әкім тағайындалды. Премьер-министр Әлихан Смайылов Петропавлға сапарында Айдарбек Сапаровты таныстырды. Мәслихат депутаттары қатысқан жиында облыс әкімі лауазымына Руслан Аңбаев пен Айдарбек Сапаровтың кандидатурасы ұсынылған. Дауыс беру нәтижесінде 153 депутаттың 118-і Сапаровты таңдады. Ол 2019 жылдан бері Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі болған.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Облыста жобалау сатысында 43 инвестициялық жоба бар. Жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу керек. Тұрғындарды сапалы ауыз су, электрмен жабдықтау, әлеуметтік нысандарды жаңғырту, тұрғын үй және оның коммуналдық инфрақұрылым мәселелерін шешу жергілікті атқарушы билік алдына қойылатын басты міндеттер.

Жаңадан құрылған Жетісу облысына маусымда әкім болып барған Бейбіт Исабаев осы лауазымға қайта тағайындалды. Сәуірде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінен кетіп, Атырау облысының әкімі болған Серік Шәпкенов те жұмысын жалғастырады. Екі жыл бұрын Шымкент әкімі ретінде сайланған Мұрат Әйтенов қызметін әрі қарай атқарады.

Қаржы вице-министрі қызметінен биыл маусымда Алматы облысының әкімі болып ауысқан Марат Сұлтанғазиев осы лауазымында қалды. Үш айдан бері қызметін Ақтөбе өңірінде жалғастырып жатқан Ералы Тоғжанов та облыс әкім болып қайта тағайындалды.

Ал 7 жыл Қостанай облысын басқарған Архимед Мұхамбетов қызметінен босатылды. Бұл орынға бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болған Құмар Ақсақалов тағайындалды. Қостанай қаласына жұмыс сапарымен барған Премьер-министр ұсынылған кандидаттардың облысты басқару үшін жеткілікті тәжірибесі мен қажетті құзыреті бар екенін жеткізді. Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 244 депутаттың 192-сі Құмар Ақсақаловтың кандидатурасын таңдаған.

Үш ай бұрын оңтүстікке қызметке барған Дархан Сатыбалды Түркістан облысының әкімі лауазымына қайта тағайындалды. Абай облысының әкімі болған Нұрлан Ұранхаев та осы қызметін әрі қарай жалғастырады.

Ақерке Бектас

Хабарламаларға жазылу