Атыраудағы Өрлік елдімекенінде тұңғыш рет ұн тағамдарын әзірлейтін цех ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраудағы Өрлік елдімекенінде тұңғыш рет ұн тағамдарын әзірлейтін цех ашылды

30.11.2022

Наубайханасымен ауылының шырайын аша түскен кәсіпкер. Елдің алғысын арқалаған іскер ананың есімі Бибігүл Шахманова. Ол өзі туып өскен Атыраудағы Өрлік елді мекенінен тұңғыш рет ұн тағамдарын әзірлейтін цех ашты. Табысты жан жұмысының алға басуын Аграрлық несие корпорациясынан алған қаржылай қолдауымен байланыстырады.

Ғасырлық тарихы бар ауылдың сәніне айналған аядай ғана наубайхана 3 мыңнан аса тұрғынның қажетін өтеп тұр. Ашылғанына бір жыл уақыт болған кәсіпкерлік нысанда 7 адам жұмыс істейді. Мұнда ұн тағамдарының ондаған түрі дайындалады. Балғын әрі дәмді өнімге сұраныс жоғары.

Тыныштық Бергенова, наубайханашы:

Наубайхана ашылып бізге жақсы болды ауылымызға. Бәрі талап алып кетеді шығарған өніміміздің бәрін. Бізде түрлі өнім көп. Тоқаштар бар. Наннан бастап бәліш, торттарымыз бар.

Наубайхана үшін кәсіпкер Аграрлық несие корпорациясынан 2 рет несие алған. Соның арқасында ісі алға басып, табысқа кенелді. Қазір цехта жоғары сұрыпты ұннан күніне 300 бөлке нан пісіріледі. Биыл өңірде бизнесін дамытуға ниетті 277 адам аталған корпорацияның шарапатын көрген.

Рахмет Жаңбыров, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары:

Қаржыландыру суммасы 3 млрд 144 млн теңгені құрап отыр. Және де осы жылдың соңына дейін 500 млн теңге шағын кәсіпкерлік субьектілерін, ауылдық жердегі кәсіпкерлерді қолдауды жоспарлап отырмыз.

Корпорация егін салып, мал баққан шаруаларды ғана емес, ауылда шағын кәсіп ашқан тұрғындарды да қолдайды. Бүгінде Атырауда 1500-дей адам қаржы ұйымынан несие алып, шаруасын тіктеген. Наубайханашы Бибігүл де кәсібін одан әрі кеңейтіп, өнім түрін көбейтпек. Ол үшін тағы да сенімді инвестициялық әріптесіне жүгіну ойында бар.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу