«Кезекке тұрып алсаң, түбі бір пәтер бұйырар». Осындай ұсыныс-тілек ел арасында жиі айтылатыны рас. Тұрғын үй кезегінің бар екені және сол арқылы пәтерлі болғандардың көп екені де ақиқат. Бірақ, «кезек жылжымайды, әлі бір орында тұрмын, тіпті, артқа шегініп бара жатыр» - деп, арыз-шағымын айтып жатқандар да аз емес. Азамат Бейбітұлы тұрғын үй кезегіне қатысты жаңалықтармен бөліседі.
Теміртас Қайырлинова 7 баланың анасы, алтын алқа иегері. Бірақ, тұрғын үй кезегіне зейнеткер ретінде тіркелген. Себебі, ол уақытта балалары 18-жастан асып кетіпті. Арада он жылдан аса уақыт өтіп, кезегі жақындап қалғанын айтады.
Теміртас Қайырлинова, зейнеткер:
Кезекке тұрғаннан 13 жыл өтті, жақындап қалған сияқты. Жылда барып қадағалап отырамын. Квартираны әне беріңдер, міне беріңдер деп ешкімнің есігін қаққан жоқпын. Әділ кезегіммен міне келіп қалды, алуға тиістімін деп ойлаймын.
Кезек өздігінен қозғалмайды. Оны жылжытатын - жергілікті әкімдік ғана. Тұрғын үй құрылысы қаншалықты қарқынды болады, соншалықты кезектің «бойына қан жүгіреді». Әзірге, елімізде Астана, Алматы және Шымкент сияқты ірі қалаларда ғана кезек салыстырмалы түрде жылдам жүреді. Мысалға, Астанада кезекте 47 мың адам тұр. 2019 -2021 жылдар арасында 18 000-ға жуық пәтер берілген. Негізгі тетік - «Нұрлы жер» бағдарламасы.
Меруерт Миирхан, Астана қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ бөлім басшысы:
Оның ішінде сатып алу құқығы жоқ бағдарлама, отбасы банк несиелеу беру, бақытты отбасы бағдарламасы және Қазақстан ипотекалық бағдарламалары өткізілген.
Ал, жалпы, тұтас ел бойынша жылына 10-15 мың пәтер беріледі екен. Енді, олар кімге беріледі? Талап қандай? Әуелгі шарт – кезекке тұру үшін азаматтың өз атында және отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жылда баспана болмауы керек.
Одан кейін, тұрғын үй кезегіне мына санаттағы азаматтар тұра алады. Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жетiм балалар, көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтiк жағынан әлсіз топтары, мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер және жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған адам. Нақтылай түссек, халықтың әлеуметтiк жағынан әлсіз топтары да бірнеше санатқа жіліктеледі. Оның ішінде, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлер, 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар отбасылар, кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiне шалдыққан адамдар, зейнеткерлер және қандастар.
Самат Бекжігіт, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тұрғын үй қатынастары басқармасының бас сарапшысы:
Бүгінгі күнде берілетін тұрғын үйлер ол жалдамалы тұрғын үйлер болып табылады. Мысалы, тұрғын үй берілгеннен кейін оның шаршы метріне, кавадратурасына байланысты арнайы методика бар бекітілген. Соған сәйкес, ай сайын төленетін бағасы нақтыланады.
Рас, тұрғын үй тек жалға беріледі. Және оның иесі өмірден өтсе, балаларына мұра болып қалады. Бірақ, бәрібір –жалға. Ал, баспананы өз атыңызға алу үшін мемлекеттік бағдарламаларға қатысу керек. Биыл мемлекет басшысының тапсырмасымен тұрғын үйді жалдау құнының 50 пайызын субсидиялау бағдарламасы іске қосылған. Алайда бұл жеңілдік тек халықтың ең әлеуметтік осал топтарына арлалған. Өткен аптада үкіметте тұрғын үй кезегін реттеу құқығы әкімдіктен «Отбасы банкке» берілуі мүмкін деген ұсыныс айтылды. Себебі, әкімдіктегілер кезекті өз қалауынша жылжытып отырған деген фактілер анықталған. Анығы сол, тұрғын үй кезегін «Отбасы банкіне» өткізу әзірге тек ұсыныс ғана. Заң жобасы түзіліп, парламентке жетуі үшін кезектің де кезегін күту керек.
Азамат Бейбітұлы