Мемлекет басшысы Францияға барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Францияға барды

29.11.2022

Француздық алып компаниялар Қазақстанға келуі мүмкін. Әсіресе, энергетика саласында ықпалдастыққа дайын. Олардың бірқатарымен бүгін-ертең Мемлекет басшысы кездеседі. Мәскеуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Парижге ресми сапармен барды. 

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Кәрі құрлықтағы Париж. Орталық Азиядағы Астана. Екеуінің арасы тым алшақ. Бірақ, қарым-қатынасқа қашықтық кедергі емес. Әуелден сенімді серіктес. Арадағы алыс-беріс пен барыс-келіс кідіріссіз. Былтыр тауар айналым 3 млрд. долларға жетті. Биыл 8 айдың өзінде 80 пайызға таяды. Сарапшылар Президенттің осы сапары аясында бірқатар келіссөз жүргізіледі деп салмақтады.

Айгүл Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, 2018-2021 жж Қазақстанның Бельгия мен Люксембургтегі елшісі: 

Геосаяси жағдайдың шиеленіскен кезінде, тұрақсыздық кезінде Франция өзі үшін тұрақты, сенімді серіктестерді іздейді. Қазақстанды тура осындай тұрақты, сенімді серіктес ретінде қабылдайды. Сол үшін Қазақстанға тауарларды таситын баламалы маршруттарды дамытуға көмектесуге дайын.

Энергия. Жаһан жұртын тығырыққа тірегелі тұрған қауіптің бірі. Электр қуатының жетіспеушілігі бізде де бар. Оған ерте қамданбаса болмайды. Француздық компаниялар осы бағытта ықпалдасуға бейіл. Жасыл энергетика мен атом энергетикасы. Қай-қайсысына да ұсыныстары дайын.

Николас Маес, Оrano mining вице-президенті:

19 атом электр станциясы, 58 ядролық ядролық реакторы бар елде тұрамын. Бұл станциялар тура біздің қасымызда тұр. Олар қауіпсіз, жұмысына күмән жоқ. Бастысы қалдықтардың қоршаған ортаға таралмауын қамтамасыз етіп тұр.

Тағы бір күрделі проблема – логистикалық тізбектердің үзілгендігі. Еуропа мен Азия арасын жалғайтын жаңа жолдар керек. Франция соған қарқын қоссақ дейді. Демек, ел Президентінің келісі жол келісімін де реттеуі мүмкін.

Жалпы Қазақстанда француз компанияларының саны 170-тен асады. Бұл үлкен көрсеткіш. Жаһандық қиындықтарға қарамастан Франция Қазақстанмен байланысты тоқтатпайды. Керісінше, әлемге әйгілі алпауыт кәсіпорындар біздің елге қомақты қаражат құюға дайын. Тек қай салаға басымдық беріп, қандай бағытта бірлесе дамуға келісетінін бүгін екі ел басшылары уағдаласпақ. Бірер сағаттан кейін Тоқаев Франция Президенті Макронмен кездесуі басталады.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу