Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР-інің Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтің туған жері - Қызылордада алаш ардақтысының өмірі мен қызметіне арналған Еркін Рақышевтің «Темір нарком Темірбек» атты деректі фильмінің тұсаукесері болды.
Деректі фильмде Темірбек Жүргеновтің балалық шағынан бастап, оның қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны, халқы үшін аянбай тер төккені кезең-кезеңімен сипатталады.
«Деректі туындыда Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұсынған, Өзбекстан, Тәжікстан, Мәскеуден алынған әрі өте сирек пайдаланылған мұрағаттық құжаттар мен фотоматериалдарды қолдандық», - дейді фильм режиссері.
Еркін Рақышев, фильм режиссері:
Біраз тың деректер таптық. Атап айтсақ, бүгінге дейін Темірбек Жүргеновтің табылмай келген төлқұжаттарын таптық. Темірбек Жүргеновтің және әйелі Дәмеш Ермекованың. Одан басқа бүгінге дейін көпшілікке беймәлім суреттерін таптық, тағы да басқа көптеген құжаттар таптық. Біз бұл кинода негізінен қайраткерлік жағын ашуға көп күш салдық.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ