Екібастұз жылу орталығында 4 қазандық қайта іске қосылды. Үйлерге де ыстық су жіберіле бастады.Қалада техногендік сипатта төтенше жағдай жарияланғанын хабарлағанбыз. Осы уақытқа дейін Екібастұздан Павлодарға 123 адам көшірілді. Олардың 84-і білім беру мекемесінің тәрбиеленушілері мен мұғалімдер, 39- ы науқастар мен медицина қызметкерлері.
Болат Аманбаев, тілші:
Қазір жылу электр орталығында 6 қазандық жұмыс істеп тұр. Тағы үшеуі жедел жөнделіп, резервке қойылды. Нәтижесінде қаланы жылумен қамту 75 градусқа дейін көтерілді. Негізі мамандардың айтуынша, бұл апат стансада емес, жылу желілерінен басталған. Магистральдегі қысым күрт төмендеуі салдарынан қазандықтар автоматты түрде тоқтаған көрінеді. Ал желілерде ақау әлі де шығып жатыр. Тіпті су аяқасты бұрқақтап атқылап жатқан жерлер бар. Соның салдарынан көпқабатты 20 үй мен 5 әлеуметтік нысанда жылу жоқ. Бұны қала әкімі бізге былайша түсіндірді.
Аян Бейсекин, Екібастұз қаласының әкімі:
2-ші жылу магистралінде жаңа ақаулар байқалды. Оны жөндеу бойынша қазір жұмыстар жүргізіліп жатыр. Барлық керек-жарақтар, техника мамандармен қамтамасыз етілген. Бірақ, оны қалпына келтіру үшін бізге біраз уақыт керек.
Болат Аманбаев, тілші:
Қазіргі уақытта қаладағы ауруханалар мен емханаларға жылу тұрақты беріле бастады. Сондықтан сырқаттар ешқайда көшірілмейді. Қазір 150-ге тарта адам жөндеу жұмыстарына жұмылдырылған. Жаңа ақауларды анықтау бойынша ғана 4 бригада құрылды. Сондай-ақ еріктілер штабы жасақталды. Олар жан-жақтан келіп жатқан гуманитарлық жүктерді қабылдап, тұрғындарға көмек беруге кірісіп кетті. Қиыны сол, әзірге аяздың сынар түрі байқалмайды. Дәл қазір 28 градусты көрсетіп тұр.