Қазақстандық кәсіпкер қоқысты кәдеге жаратып, табыс тауып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық кәсіпкер қоқысты кәдеге жаратып, табыс тауып отыр

26.11.2022

Елімізде қоқысты қайта өңдеу мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Жылына 5 миллион тоннадай тұрмыстық қалдық жиналса, оның 15 пайызы ғана өңделеді. Бұл өте аз. Сондықтан қоқыс өңдейтін кәсіпорын салу бойынша 6 пилоттық жобаны іске қосып, қайта өңдеу көлемін 40 пайызға арттыру жоспарда бар. Осы ретте қоқыс өңдейтін шағын цех ашып, аймақтың экологиясын жақсартуға үлес қосып жүрген тараздық кәсіпкердің ісі құптарлық.

Шетелде білім алған Дәулет Әсілтаев, Қытай мен Тайландта қоқысты қайта өңдеу технологиясының қыр-сырын меңгерген. Туған жеріне келіп шағын цех ашқан ол қалдық қағазды кәдеге жаратып, жұмыртқа салатын қалыптар шығаруды бастады.

Дәулет Әсілтаев, кәсіпкер:

Құс фабрикасы саласында жұмыс істегем. Мен істеген уақытта өте көп ұсыныстар болды осы лоток жайлы. Қазақстанда тек өндіріспен айналысу керек деген ойым болды. Бізде көп нәрсе шықпайды ғой. Сондықтын әлі көптеген жоспарлар бар. Несие алып жатсақ, өндірісімізді кеңейте береміз деп ойлаймын.

Шағын цех бүгінге дейін 1000 тоннадан аса қағаз қалдықты шикізатқа айналдырып үлгерген. Тәулігіне 3 тоннадай қалдықты өңдеп 40 мың дана жұмыртқа қабын өндіреді. Бағасы қолжетімді, сұраныс та жоғары. Еліміздің 5 қаласына жөнелтіледі. Мұнан өзге, 12 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған.

Нағима Жармаханбетова, жұмысшы:

Төрт ауысым бар. Бір күн, бір түн істеп, екі күн демаламыз. Түскі асымыз тегін. Айлығымызды да уақытылы алып тұрамыз. Негізі жұмыс аса ауыр деп айта алмаймын.

Жамбыл облысында жылына 70 мың тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдық жиналады. Оны қайта өңдеу 13 пайызға жетер жетпес. Эколог мамандар сұрыптау мен өңдеу кешендерінің аса қажет екенін айтып отыр.

Серік Ағабек, эколог:

Ең негізгі қалдықтардың шығатын жері де осы Тараз қаласы. Қалада сұрыптау кешендері болса. Пилоттық жобаларға 6 облыс кірді. Сұрыптау кешендерін орнатуға біздің өңір кірген жоқ. 

Қалдықтарды энергияға айналдыру бойынша елімізде 6 зауыт салынбақ. Бұл кешендер іске қосылса қатты қалдық қайта өңделіп, энергетикалық отынға айналады. Осылайша елімізде жыл сайын жиналатын 5 миллион тоннадай қоқыстың 30-40 пайызын қайта өңдеу мәселесі шешілмек. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бұл жоспарды 2025 жылға дейін жүзеге асыруды көздеп отыр.

Хабарламаларға жазылу